Ұлыбританияда порт жұмысшылары ереуілге шықты

Лондонның солтүстік-шығысындағы  Феликстоу портында 2 мыңға жуық  қызметкер жұмысқа шығудан бас тартып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ереуіл 8 күнге жалғасады деп жоспарланған. Олардың да  көтеріп отырған мәселесі жалақының аздығы.  Жұмысшылардың сөзінше,  елде инфляция салдарынан азық-түлік пен коммуналдық төлемдер құны шарықтап кеткен. Бұл  жағдайға порт әкімшілігі қатты алаңдаулы. Себебі шеру халықаралық теңіз саудасы мен тасымалына кері әсерін тигізуі мүмкін.  Қызметкерлерге биыл айлықтарын 8 процентке өсіру ұсынылған. Бірақ  жұмысшылар миллиондаған пайда табатын компанияға бұл аздық етеді дейді. Соңғы статистикалық деректерге сүйенсек, таяуда елдегі инфляция 10,1 процентті құрады. Бұл Ұлыбританияда соңғы 40 жылдағы ең жоғарғы көрсеткіш. 

Майлз Хаббард, порт қызметкері:

-Қазір жұмысшылардың наразылық білдіреуі ешқандай стратегиялық жоспар бойынша  жасалып жатқан жоқ. Бұл халықтың жанайқайы.  Адамдардың әлеуметтік жағдайы күрт нашарлады,  оны барлығымыз көріп отырмыз. Мұндай жалақыға ары қарай жұмыс істей алмаймыз, шыдамның да шегі бар.