АҚШ-та роботтардың қызметіне сұраныс көп

Роботтар жеткізіп беретін нарық 2030 жылға қарай 970 миллион доллардан асады деген болжам бар.

Бұл Мarket Research Future (Маркес ресөрч фюча) институтының мәліметі. Роботтардың жеткізіп беру қызметі дамыған сайын көшедегі кептеліс азайтып, ауаға бөлінетін қалдықтар да қысқарады. АҚШ-тан Нұрбек Бекен әңгімелейді.

Нұрбек Бекен, тілші:

- Электронды саудада және тамақ жеткізіп беруде тез тасымалдау мықты компаниялардың басты ұстанымы. Сондықтан олар күн сайын қызметтеріне түрлі инновация енгізіп, дамып жатыр. Бұрын мейрамхана ішінде ғана тамақ жеткізетін роботтар, қазір қала көшелерінде адаспай жүріп, тапсырысты тез апаратын болған. 

Вирджиния штатындағы мына шағын ауданның тұрғындарына роботтар қызмет көрсетеді. Жұмысбасты жұрт, оқудан қолы тимей жатқан студент телефон қосымшасы арқылы ас-суына тапсырыс береді. Мекен-жайын белгілеп, ақшасын төлеген соң google картада белгіленген маршрутпен тасымалдаушы роботтар да жетеді. Көшеде томпаңдаған темір көмекшілер толып жүр. Оларға ешкім тиіспейді.

Марио, кафе менеджері:

- Осы маңайдағы тұрғындарға қызмет көрсету үшін өте қолайлы. Ешқайда шықпайсыз, тапсырысыңызды аулаға дейін әкеліп береді. 

Алты дөңгелекті роботтың ішіне салынған тамақты көшедегі аш құрсақ тентектер тартып ала алмайды. Тапсырыс беруші бір реттік құпия сандар арқылы ғана ашады. Роботтар айнала бейнекамерамен жабдықталған. Сол арқылы алдынан кедергі кездессе кілт тоқтап, айналып өтеді. Жаяу жүргінші жолағында тоқтап жол береді. 

- Мен роботтар қызметін 1-2 рет тәжірибе үшін пайдаланып көрдім. Ыңғайлы екен. Қарбалас кезде жақсы көмектеседі. 

- Меніңше, роботтар қызметі арзан тұрады. Негізінен студенттер пайдаланады. 

Пандемия роботтар қызметінің қаншалықты маңызды екенін көрсетті. Ковид-19 тасымалдау, тауар жеткізіп беру қызметіне күтпеген қиындықтар алып келді. Тіпті әлемде курьер тапшылығы байқалды. Сондықтан осындай робот қызметіне сұраныс артқан. Құлтемір жасайтын компаниялар да 2030 жылға қарай 970 миллион долларға өсетін нарықтан үлкен үлес алудан дәмелі.

Нұрбек Бекен

Сондай-ақ...