Биткоин бағасы рекордтық деңгейге жетті
Қазір әлем инвесторларының назары АҚШ-қа ауып отыр.
Жақында елдің федералды қор жүйесінің басшысы биыл пайыздық мөлшерлерменің көтерілуі енді екіталай деген еді. Осыдан кейін алтын мен биткоин бағасы өсті. Енді ертең әлемнің бірінші экономикасы инфляцияға қатысты деректерді жария ету керек. Бұл да нарықтағы жағдайға әсер етпей қоймайды.
Биткоин бағасы рекордтық деңгейге жетті
Биткоин бағасы рекордтық межеге жетті. Алғаш рет ол 72 мың доллардан асып кетті. Оған АҚШ-тың федералды қор жүйесі пайыздық мөлшерлемені төмендетеді деген болжамдар түрткі болды. Оның үстіне Ұлыбританияның қаржы реттеу және бақылау жөніндегі басқармасы криптовалютаға тіркеулі құнды қағаздарды жасап шығаруға рұқсат беруі мүмкін деген ақпарат та әсер еткен. Сөйтіп, жыл басынан бері биткоин 70%-ке қымбаттады. Ал кейінгі бір жыл ішінде оның құны шамамен 250%-ке өскен.
Алтын қымбаттады
Бірнеше күн бұрын алтын бағасы да рекордтық көрсеткішке жетті. Оның бір унциясының құны 2200 доллардан асып кеткен. Оған да АҚШ-тан келген жаңалықтар себеп. Федералды қор жүйесі басшысының пайыздық мөлшерлеменің көтерілуі екіталай деген мәлімдемесінен кейін нарықта баға өсе бастады. Енді инвесторлар ертеңгі жаңалықтарды күтіп отыр. Ол кезде АҚШ-тың тұтыну бағаларының индексі бойынша ақпарат жария етілуі тиіс.
Мұнай арзандап барады
Ал мұнай, керісінше, арзандап барады. Өткен аптада Брент маркалы қара алтын 1,8%-ке, ал Дабл-Ю-Ти-Ай 2,5%-ке төмендеді. Оған Қытайда сұраныстың азаюы себеп. Шығысымыздағы көрші ел шикізаттың ең ірі импорттаушының бірі саналады. Сонымен қоса Таяу Шығыстағы геосаяси ахуал нарықтағы жағдайға әсер етіп отыр. Израиль әскері мен палестиналық ХАМАС тобы Рамазан айы басталмай тұрып, уақытша бітім жариялайды деп күтілген. Бірақ оқ атуды тоқтату шешімі күшіне енген жоқ.
Авторы: Жұлдыз Атагельдиева.