Ә.Райымбеков «тақиялы періште» образымен жұрт жадында мәңгі сақталады

Қазақ халқы тағы бір қазыналы қариясынан айрылды. 86 жасқа қараған шағында «Тақиялы Періште» атанған Әлімғазы Райымбеков дүниеден озды. Қазақ киносының майталманынан бірер апта бұрын короновирус белгілері анықталған еді. Жағдайы нашарлап жансақтау бөліміне түсті. Елдің ықыласына бөленген тау тұлғаны ажалдан арашалап қалу мүмкін болмады. Оның "тақиялы періште бейнесі" жұрттың есінде мәңгі қалады.

Әлімғазы Райымбеков қалың қазаққа «Тақиялы Періште» фильміндегі Тайлақтың рөлімен танымал. Өз образын сәтті сомдаған актер сүр бойдақтың бейнесі арқылы көрермен қауымның жүрегіне жол таба білді.  

Кендебай Темірбайұлы, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері:

- Тақиялы Періштедегі Тайлақ образының бүкіл қазақ әлемдегі қазақ атаулының бәрінің көкейінен орын алды. Ол қандай жағдай болса да елмен бірге болды.  Қазақ кино өнерінің ақтаңгері, дала өнерінің халықтың ішінен шыққан саф алтындай тұғыры биік тұлға болатын.

Әлімғазы ақсақал «Тақиялы періште» кинокомедиясынан бөлек, «Көгілдір такси», «Ән қанатында» фильміне түскен. ХХ ғасырдың басындағы  қазақ халқының қайғы-қасіретін көрсеткен «Қан мен тер», «Қилы кезең» сынды тарихи туындылардың ойдағыдай шығуына өз үлесін қосты. 

Әміре Әрін, облыстық «Жетісу» газетінің бас редакторы:

- Ол кісінің бойындағы талант туа бітті қабілетпен келген. Кезінде қазақ театр өнерінің қарлығаштары Қалибек Қуанышбаев, Қапан Бадыров, Елубай Өмірзақовтар қалай білімсіз ақ қазақ театр өнерін көтерсе, біздің Әлімғазы аға да ауылдан шығып, ешқандай оқу оқымастан таза табиғи шеберлігімен кино өнерін көкке көтерудің үлгісін танытқан адам.  

Танымал актердың кино өнеріне келуіне қазақ күресінен өткен тұңғыш ел чемпионатында жеңіпаз атануы себеп болған. Алып денелі балуан сол кезде Қажымұқан Мұңайтпасұлының ролін сомдауға шақырылған. Осыдан кейін 12 кинокартинаға түсіп, ұзақ жылдар бойы ауыл шаруашылығында еңбек етсе де қария спорттан қол үзген емес.  

Әбдуәли Тастанов, қол күресінен азияның 9 дүркін жеңімпазы:

- Ағамен біз көк шөптің үстінде Еңбекшіқазақ жақта белдестік. Менде күрестен хабарым бар азаматпын. Сол кезде ағаның айла тәсіліне түсіп қалдым. Іштен шалу дейді. Топ еткізді мені. СКЛ Сол кезде 84 жасында ағаның күш қайраты бойында тұр. Одан бөлек жарысқа кетіп бара жатқанда Жақсылық Үшкемпіровтан, Осы Әлімғазы ағамның батасын алып кетіп жүрдім. Сол батамен мен құр қол келіп жүрген жоқпын.

Абыз ақсақал бір кездері қоғам назарынан тыс қалған еді. Ел жадынан ұмытылып бара жатқан Әлімғазы Райымбековты көрерменмен қайта қауыштырған «Хабар» арнасының  ардагер тілшісі Тілеуқабыл Мыңжасар болатын.

Тілеуқабыл Мыңжасар, ардагер журналист:

- Осы фильмді көрген сайын күлеміз. Рахаттанып көреміз.Тамаша. Өйткені бұл Ш.Айманов ағамыздың қолтаңбасы. Ғажап фильм. Неге бұл күні бүгінге дейін экраннан түспейді. Себебі шедевр. Осы туындының басты кейіпкері Әлімғазы ағамыздың еңбегі де үлкен деп айтуға болады. Міне осы кісіні ойлайтынмын. Бұл қандай азамат, қайда тұрады.Кәсібі не тіршілігі қандай. Отбасы қандай неге біз осы  адам жайлы білмейміз деп. Сол сәті түсіп, 2000 жылдары ол кісіні тауып алдым.  

«Хабар» арнасынан көрсетілгеннен кейін Әлімғазы Райымбековты іздеушілер қатары қайта көбейді. Журналистер мен киногерлерден түсетін қоңыраулар да жиілей бастаған. Еңбегі еленіп, әртүрлі марапатқа ие болды. Қарапайым бітім болмысынан айнымай адамгершіліктің биігіне көтерілген ақсақал мағыналы ғұмыр кешті. Гүлжауар апамен 63 жыл отасып, он бала өсірді. Жұбын жазбастан әдемі қартаюдың үлгісін көрсетті.

Әлімғазы Райымбеков, ҚР Мәдениет қайраткері:

- Құдайға тәубә, мың да бір рахмет. Өзімді бақыттымын деп санаймын. Шәкен ағамның арқасында, Әзірбайжан Мәмбетовтың арқасында, режиссерларымыз Абдулла Қарсақбаевтың сол кісілердің арқасында осындай дәрежеге жеттіп, Тақиялы Періште болып жүрмін. Халқыма тілейтінім, ауызбірлік, денсаулық. 

Қазақ кино өнерінде айшықты із қалдырған Әлімғазы Райымбековтың жарқын бейнесі ел жадында мәңгі сақталары анық.

Авторлар: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев

Сондай-ақ...