Елордалық моушн-дизайнер «Алжир» мұражайындағы жәдігерлерге жан бітірді

Астаналық моушн-дизайнер Алмаз Дүйсебаев тағы бір туындысын елге паш етті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл жолы жүректі тебірентіп, тарихқа әп-сәтте оралтты. Өзгеше туындысын 4 күнде әзірлеп шыққан. «Алжир» мұражайындағы жәдігерлерді ұялы телефонға түсіріп, әрбір мүсінге жан бітірген. 

Наргиз Бекмағанбетова, тілші:

– АЛЖИР – әйел жасына толы лагерь. 18 мың тұтқын әйелдің қайғы-қасіреті сақталған тарихи орын. Өткен заманда қазақтың басынан өткен зұлматты ұмытпау біздің парыз.

Бұл «Алжир» лагерін шеберлікпен бейнелеген жұп-жұмыр жауһар дүние. Зұлмат жылдар зобалаңын келешек ұрпаққа дәріптеп жүргендер бар. Оның бірі Алмаз Дүйсебаев. 20-ғасырда қызыл империяның езгісіне ұшыраған жандардың бейнесін «тірілтіп», көпшілікке ұсынды. Жазықсыз қамалған адамдардың тағдырын суреттеген бейне жүректі тебірентеді.

Алмаз Дүйсебаев, моушн-дизайнер:

– Мұражайда жүрген кезде неше түрлі хаттарды оқисың, заттарды көресің. Әрине кішкене қиындау болған. Музыканы қойған кезде әйеліме көрсеттім. Ол жылады. Мықты туынды болады деп ойладым. Бір рет барып, телефонмен түсірдім. Видеомен монтаждап, роликті 3-4 күнде бітірдім.

Өнер иесінің айтуынша, тарихи оқиғаларды жәдігер ретінде қалдырған абзал. Шабыт келгенде компьютер алдында 3-4 сағат көз майын тауысып, анимация мен графикалық бағдарлама арқылы пішіндерді қозғалысқа келтіремін дейді. Әрбір жұмысын әлеуметтік желіге жүктеп, оқырмандарының да идеясын жүзеге асыруға тырысады. Қазір қазақстандық компаниялардан бөлек, Испания мен Түркия елдерінен де тапсырыстар келіп түскен.

Алмаз Дүйсебаев, моушн-дизайнер:

– Қаланы аралап, серуенденген кезде шабыттанып, ғимараттарды көріп, 3 терезені қимылдатып қойсам ба дедім. Елордамыз қызыл аймаққа кіргенде, 36,6 істесем екен дедім. Үйдің қасында ғимарат бар. Сол қызу өлшегішке ұқсайды. Анимациясын қосып, үйді аспанға шығарып жасадым.

Наргиз Бекмағанбетова, Наурыз Базаров

Сондай-ақ...