«Хабар» арнасы көрерменге әз-Наурызда қандай жобалар ұсынады?

«Маска» музыкалық шоуының қазақстандық нұсқасы, «Алтыбақан» ұлттық өнер жобасы және әйгілі «МузАрт» тобының мерейтойлық концерті. Хабар арнасы әз-Наурызда көрерменге осындай қызықты жобаларын ұсынады. Мерекелік бағдарламалар кестесі бұдан өзге де сан түрлі жобаға толы, деп хабарлайды «Хабар 24».

Наурыз мерекесі биыл ауқымды көлемде тойланбайды. Бұған пандемия себеп. Дегенмен телеарналар халыққа мерекелік көңіл-күй сыйлауға тырысады. «Хабар» арнасы ұлыстың ұлы күніне ерекше бағдарламалар кестесін дайындады. Соның бірі – ғаламдық деңгейде танымал «Маска» музыкалық шоуының қазақстандық нұсқасы. Вокалды сайысқа 12 өнерпаз қатысады. Бағдарламаның алғашқы саны 21 наурыз, сағат 19:15-те эфирге шығады.

Динара Бисембина, «Хабар» телеарнасының директоры:

– Ол өте қызық жоба. Әлеуметтік желілерден көруге болады. Қазылар мықты. Жанар Айжанова, Мейіржан Төребаев, Ерке Есмахан, Марат Оралғазин. Жүргізуші – Жахан Отарғалиев.

Әз-Наурыз қарсаңында тағы бір бағдарлама эфирге шығады. «Хабар» арнасының көрермендеріне «Алтыбақан» хабары ұсынылады. Ұлттық өнерді насихаттауға арналған жоба домбыра күніне дейін жалғасын табады.

Динара Бисембина, «Хабар» телеарнасының директоры:

– Бағдарламаға түркітілдес халықтан қатысушыларды қатыстырдық. Жалпы біздің дәстүрлі әншілеріміз қонақ болып қатысады. Айырмашылығы неде, тарихы айтылады.

Қазақ эстрадасының көрнекті өкілдері «МузАрт» тобының концерті де көрерменге жол тартады. Биыл топтың құрылғанына 20 жыл. Мерейтойлық концерт 22 наурыз, сағат 21:15-те көрерменге көрсетіледі.

Мереке күндерінде «Хабар» агенттігінің бастамасымен түсірілген 2 бірдей бейнебаянның тұсауын кесу жоспарланып отыр. Жаңа туындыларда аға буын әншілер мен жастардың өнерін тамашалауға болады.  

Динара Бисембина, «Хабар» телеарнасының директоры:

– Осы жолы бүлдіршіндерді қатыстырып жатырмыз. Роза Қуанышқызымен бірге ән айтады. Бейнебаянды арнамыздан көруге болады. Екінші бейнебаян «Жігіттер» мен Тамара Асардың орындауында. Эфирден көруге болады.

Опера және балет сүйер қауымның талғамы да ескерілген. Классикалық концерт 22 наурыз, сағат 23:30-да көрсетіледі. Телеарна кестесінде бұдан өзге де қызықты хабар, арнайы жобалар бар.

Рауан Мыңбаев