Қазақ тіліндегі туындыларды прайм-тайм уақытта көрсету керек – «Miras» қоғамдық кеңесі

Сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар фильмдерге басымдық беру қажет.

Отандық кинематографиядағы осы және өзге де өткір мәселелер «Miras» республикалық қоғамдық кеңесінің отырысында талқыланды. Жиынға қатысушылар «Кинематография туралы» заңның кемшін тұстары әлі де көп екенін айтады. Әсіресе, фильмдердің көркемдік сапасы, шетелдік және отандық туындыларға деген сұраныс арасындағы алшақтық, қазақ тіліне дубляждалған фильмдердің аздығы, аударманың сапасына қатысты сыни пікірлер көп. Мәдениет және спорт министрі алдағы уақытта бұл ұсыныстар ескеріледі деп сендірді.

Ақтоты Райымқұлова, ҚР мәдениет және спорт министрі:

– Жалпы, Үкіметтің заң жобалау кестесіне байланысты Мәжіліске де кіреді, Үкіметке де кіреді. Сондықтан бұл заң жобалау жоспары бойынша осы уақытқа тұр. Егер «Мирас» кеңесінің ұсынысы болса, біз әрине қарастыруға және өздеріңіздің ұсыныстарыңызға орай осы жұмысты жалғастыруға дайынбыз.

Әлібек Әлденей, Nur Otan партиясының хатшысы:

– Осы кеңестің мақсаттарының бірі – сайлауалды бағдарламасында қарастырылған тармақтардың іске асырылуын қадағалау. Дәл қазіргі уақытта парламенттің жанамалық кестесіне сәйкес кинематография заңына өзгеріс енгізу жылдың соңында желтоқсан айында тұр. Бірақ біздің сайлауалды бағдарламамызға сәйкес ол заң биыл қабылдануы керек. Қыркүйек не қазан айларына ауыстыру сұрағын көтеруіңізді сұраймыз.