Ереван университетінің профессорына Қазақстан Президентінің алғыс хаты табысталды

Ереван университетінің профессорына Абай мұрасын насихаттауға үлес қосқаны үшін Қазақстан Президентінің алғыс хаты табыс етілді.

Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Қазақстан елшісі Болат Иманбаев Ереван мемлекеттік университеті түркітану кафедрасының меңгерушісі, профессор Александр Сафарянға Қазақстан мен Армения арасындағы мәдени мен білім салалардағы байланыстарды дамыту, сондай-ақ армян тіліне Абайдың «Қара сөздерін», М.Әуезовтың «Абай жолы» романын және «Қазақ әдебиетінің антологиясын» армян тіліне аударғаны үшін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғыс хатын табыс етті», - делінген хабарламада.

Ғалым өзінің еңбегін жоғары бағалағаны үшін ризашылық білдіріп, екі халық арасындағы қарым-қатынастарды одан әрі күшейтуге дайын екенін растады. Ол Ереван мемлекеттік университеті мен Л.Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университеті арасындағы ынтымақтастықты жоғары бағалап, оқытушылармен, ғылыми зерттеушілермен академиялық алмасудағы байланыстарды атап өтті.