«Бабалар ізімен» экспедициясы «Бұланты» кешеніне барды

Азаттық жолында жан беріп, жан алысқан батырлар ерлігінен сыр шертетін қасиетті мекендер ел аумағында көп, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оның ішінде 1727 жылы Ұлытау даласында болған «Бұланты» шайқасының орны бөлек. «Бабалар ізімен» экспедициясы қазақ жасағының жоңғарлармен болған шайқастағы алғашқы жеңісіне арналған «Бұланты» кешеніне барды. Батырлар рухына тағзым етті.

Мирлан Алтынбек, тілші:

- Бұланты өзенінің бойындағы бұл тасбелгілер Бөгенбай, Қабанбай, Тама Есет, Сеңкібай, Малайсары, Шақшақ Жәнібек, Тайлақ және өзге де батырларға арнап қойылған. Шекті Сартай батыр бастаған мың бала жасағының атой салған кезі де осы тұс болатын.

«Бұланты» кешені Байқоңыр ауылынан оңтүстік-батысқа қарай 20 шақырым жерде орналасқан. XVIII ғасырдың бірінші жартысында Әбілқайыр хан бастауымен қазақтың біріккен қалың қолы жоңғарларға тойтарыс берген. Бұл кең атырап майдан алаңы «Қалмаққырған» деп аталады. «Қалмаққырған» немесе «Қалмаққырылған» деген жерлер Ақтөбе және Павлодар облыстарында да кездеседі.

Бұланты мен Білеуті өзендерінің арасындағы жазықта болған ұрыс шешуші болғанын көпшілік біле бермейді. «Бұланты мен Аңырақай шайқасындағы жеңістер болмаса, Қазақ хандығы құрып біткен Ноғай ордасының кебін киер еді». Белгілі қаламгер Мұхтар Мағауин осылай жазған.

Сапар Ысқақов, «Бабалар ізімен» экспедициясының жетекшісі:

- Біздің бір арғы аталарымыз Лақ батыр деген ол 1686 жылы туған. 1770-1780 жылдары қайтқан. Лақ батыр деген өте сондай белгілі батыр. Бірақ ол кісі бұл арада соғысқан жоқ. Ол кісі қалмақтармен Қарқаралы жағында соғысты. Ол жақта да «Қалмаққырылған» деген жерлер бар.

Жоңғар-қалмақтарға қарсы кез келген шайқасқа қатысқан ата-бабаларға ескерткіш белгі қоюға рұқсат. Осыған байланысты алдағы уақытта мемориалдық кешен аумағы кеңейтілуі мүмкін.

Бақтияр Қожахметов, «Ұлытау» ұлттық қорық-музейінің директоры:

- Әр жерде Бұланты шайқасы болды. Бір жерде емес, әр жерде. Соның бірнеше жерін бәрін көріп, осы жерді таңдадық. Неліктен?! Өйткені бұл жерде біріншіден, өзен жақын, ауыл жақын. Өзеннің бойында тастың бетінде көне петроглифтер бар. Келген туристер тек белгі тастарды емес, петроглифтерді көреді. Ар жағында тұрған Үйтас. Ол да сирек кездесетін ескерткіш.

Сирек кездесетін ескерткіштердің қатарына «Қаражартас» қорымын да жатқызуға болады. Оңтүстік Америкадағы пирамидаларға ұқсайтын бұл тарихи нысан Қарағанды облысының орталығында орналасқан.

Мирлан Алтынбек, тілші:

- Шет ауданы Талды ауылынан шамамен 7-8 шақырым жердегі «Қаражартас» қорымын археологтар осыдан 5 жыл бұрын тапты. Олардың айтуынша, бұл 3,5 мың жыл бұрынғы Беғазы-Дәндібай мәдениетіне жатады. Бұл жердің параметріне келетін болсақ, 5-6 сатылы екі жаны 10-15 метр, ал биіктігі шамамен 4 метр.

2016 жылы жүргізілген қазба жұмыстарынан кейін табылған қорым 2017 жылы қалпына келтірілді. Археологтардың айтуынша, бұл пирамида сол дәуірдің көсеміне немесе ауқатты адамына арналуы мүмкін.

Олжас Шоқатаев, археология және этнология магистрі:

- Пирамида Қазақстандағы жалғыз пирамида деп айтуға болады. Бірінші және әлі де бірегейі. Классикалық қола дәуірінің соңғы кезі. Бұл жерде табылған жәдігерлер көбіне қыш құмыралар сол дәуірге тән. Одан кейін тасты бұйымдар. Одан кейін кішігірім қола фрагменттері.

Олжас Шоқатаевтың сөзіне сүйенсек, Қазақстан аумағындағы қорымдар мен обалардың шамамен 60%-і өз заманында тоналған.

Сапар Ысқақов, «Бабалар ізімен» экспедициясының жетекшісі:

- Бұндай пирамида формасында жасалған қорымдар дүние жүзінде баршылық. Ол біріншіден, Египеттегі пирамида. Америка континентінде. Біздің үндіс бабаларымызда бар. Мексика аумағында бар. Перу Республикасында бар. Тағы бір таң қалатын нәрсе, Тынық мұхитындағы аралдарда да бар.

Жиһанкез Сапар Ысқақовтың айтуынша, әлемнің әр жеріндегі осындай баспалдақ пирамидалардың арасында белгілі бір рухани байланыс болуы мүмкін. «Бабалар ізімен» экспедициясы тарихи танымдық сапарын киелі Торғай өңірінде жалғастырады.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Қуаныш Қожабеков