Ақтоты Райымқұлова «Ұлы дала таңы» фильмінің түсіріліміне барды

«Ұлы дала таңы» тарихи туындысы осы жылдың ақпан айынан бастап түсіріле бастады.

Қазір фильм Қапшағай қаласының маңында таспаланып жатыр. Кинода Қасым ханның өмірі баяндалады. Оған қоса сол кездегі хандық билік пен қазақ хандығының гүлденіп, нығаюы жолындағы күресі көрсетіледі. Мемлекеттік тапсырыспен қолға алынғандықтан жобаның сәтті шығуы ерекше маңызға ие. Осыған орай еліміздің Ақпарат және спорт министрі түсірілім алаңына арнайы келіп, шығармашылық топқа сәттілік тіледі.

Ақтоты Райымқұлова, ҚР Мәдениет және спорт министрі:

– Қазақ хандығының, қазақ халқының тарихындағы «Қасым хан» атты ұлы тұлғаның хандық қылған кезеңі біздің қазақ халқымыздың тарихы. Сондықтан осы жобаның маңыздылығы бізге өте қымбатта және біздің Қазақстан Республикамыздың, егемендігіміздің, Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына арналған күрделі жобалардың бірі.

Фильмде Қасым ханның ел билеген уақытын Берік Айтжанов, сұлтан кезін Данияр Оразаев сомдайды. Одан басқа негізгі рөлдерді Айдос Әбдіқадыров, Ерік Жолжақсынов, Нұрлан Әлімжанов, Тұңғышбай Жаманқұлов сынды танымал актерлер ойнайды. Жас актер Данияр Оразавтың айтуынша, іріктеуден өткен соң бірнеше ай бойы каскадерлік топпен бірге ат үстіндегі қойылымдарға дайындалған.

Данияр Оразаев, актер:

Тарихи киноның жүгі өте ауыр. Түсірілімнің жүріп жатқанына екі-үш айдай болыпты. Процесс өте қызық, көріп тұрғандарыңыздай күндіз-түні таңның атысы, күннің бастысы аттың үстіндеміз. Қасым ханның мінезін өзіме ұқсату өте қиын. Ол кісі әрине мінезді, адуынды, қайратты, қайсар, арқалы сұлтан, хан болған деп өзім елестетем.

Тарихи фильмнің режиссері Ақан Сатаевтың айтуынша, түсірілім тобы шілде айының басында Алматы облысының Кеген ауылы маңында Қасым хан ауылының көшін түсірмек. Одан кейін Іле өзенінің бойында осы фильмге бейімдеп жасаған «Түркістан» декорациясында жалғасады.

Ақан Сатаев, режиссер:

– Түсірілімдер ойдағыдай жүріп жатыр, жұмыстың жартысы аяқталды. Бүгін түсірілімнің қырық бірінші күні екен, біз шешуші әрі қиын сахналардың бірін түсіреміз. Нақтырақ айтсақ, Ұлытау маңындағы ірі шайқасты таспалаймыз. Түсірілімге 300-ге жуық адам қатысады 56 каскадер, 200-ден астам шабандоз бар. Жұмыс жоспар бойынша жүріп жатыр.

Қасым хан бүкіл қазақ халқын біріктіру арқылы үлкен әскери күшке ие болды. Ол өзінің бейбітшіліксүйгіш саясатымен халқының сүйіспеншілігіне бөленгені тарихтан белгілі. Ал ол жайындағы көркем туындының тұсаукесері желтоқсан айына жоспарланған.

Авторлары:Аршын Кемелжанұлы, Әбен Нарынбаев