Екібастұзда қазақтың ұлттық тағамдарының көрмесі өтті

«Ата Мұра» мәдениет орталығы ұйымдастырған шарада ұлттық ас мәзірінің 20-ға тарта түрі қойылды.

Ұлттық тағамдардың құнары мол, денсаулыққа пайдасы  зор  дейді ұйымдастырушылар. Көнеден жеткен әрбір астың шығу тарихы бар. Мәселен, бүрме қарынды көшіп бара жатқан жұрт келесі көш жеткенше шоққа көміп кетіп отырған. Ал ұзатылған қызына арнап, анасы үлпершек дайындаған. Қарынға сары май салудың да әдіс-тәсілдері жетерлік. Бабы келіссе қарындағы сары май екі-үш жыл бұзылмай сақталады. Әсіп те   таңсық тағамның бірі. Оны қойдың ұлтабарына және  жылқының ішегіне ет, күріш, көкөніс салып пісіреді. Мәдениет орталығы қазақтың ұлттық тағамдарын әзірлеп ғана қоймай кеңінен насихаттау үстінде.

Қазынагүл Алпысбаева, Екібастұз қаласының тұрғыны:

- Бұл қазақтың ұлттық ұмытылған тағамдарының бірі «үлпершек» деп аталынады. Үлпершек өздеріңіз көріп тұрғандай, жүректен жасалынады. Үлкен малдың жүрегінен жасалады. Мұның жаңағы екі жағын жақсылап тұрып кесіп, сосын ішінің бәрін қанынан бәрін тазалап ішіне жаңағы жылы жұмсағын салып, ет, жылы жұмсақ еттерден салып, мына майынан салып екі жағын тігіп қояды. Бұл енді үлпершекті негізінен алысқа ұзатылған қызға анасы жасайды.