Францияда Қазақстан киносының фестивалі ашылды

Парижде «Қазақстан киносы» фестивалі өтіп жатыр, деп хабарлайды Хабар 24.

Отандық туындыларды Франциямен қатар, Бельгия мен Люксембургте бір апта бойы көрсетеді. Фестиваль «Тұмар» фильмімен ашылды. Екі жылдан кейін алғаш рет Қазақстан кино фестивалі офлайн өтіп жатыр. Ашылу салтанаты Париж мэриясының тарихи ғимаратында өтті. Бұл жергілікті жұрттың қазақстандық киноға қызығушылығын айғақтайды.

Арно Нгатча, Париж мэрінің орынбасары:

– Қазақстан киносының фестивалі мәдени қарым-қатынасқа негізделген Париж бен Нұр-Сұлтан арасындағы ынтымақтастық келісімінің жалғасы. Фильм режиссері Ақан Сатаев пен келген актрисаларды құттықтаймын.

Шекара жабық болғанына қарамастан, Томиристе роль сомдаған Зарина Ева мен Айжан Лайжи фестивальге келді. Бұл тарихи блокбастер Францияда үлкен экранда алғаш рет көрсетілді. Жергілікті көрермен киноны субтитрлермен көруді ұнатады. Сондықтан фильм француз тіліне аударылған жоқ.

Айжан Лайжи, актриса:

– Жұрт та, мен де үлкен экрандағы киноны, фествиальдерді, көрермендермен тікелей араласуды қатты сағындық деп ойлаймын. Әсіресе фильмнен кейін көрермендердің әсерін көру. Бұл шабыт алу үшін, жаңа шығармашылық идеяларға қанығу, әлемдік үрдісті түсінуге өте маңызды деп санаймын.

Жергілікті жұртқа «Сары мысық» фильмі көрсетіледі. Бұл картина келер жылы Оскар сыйлығына таласады. Сондай-ақ халықаралық фестивальдерде киносыншылар жылы қабылдаған «Барымташылар» картинасы, Диордың шабыты болған Алла Ильчунның өмірін баяндайтын деректі фильм мен Ермек Шынарбаев түсірген «Қазақ тілі сабақтары» атты картинасы ұсынылады.

Фестивальдің соңғы кеші Сатыбалды Нарымбетовке арналып, оның Аманат туындысы көрсетіледі

Андрэ Иванов, Қазақстан киносының Француз қауымдастығының президенті:

– Франция –  түрлі елдердің дарындарын бүкіл әлемге талай танытқан. Арасында мен дүниеге келген елдің азамтары да бар. Канн, Везул, Кабург, Нант фестивалдерінің арқасында көптеген қазақстандық киномаманы Францияда, ал кейін өзге елдерде де атағы шықты.

Алғаш рет фестиваль алаңы қос елдің киномамандары кездесетін платформаға айналды. Қазақстандық фильмдер сирек болса да Францияы прокатына шығып жүр.

Авторлары: Алия Сыздыкова, Руслан Омиржан