Павлодарда қолөнершілер жәрмеңкесі басталды

Наурыз мерекесіне орай Павлодарда қолөнершілер жәрмеңкесі басталды. Көпшілік назарына ұлттық киімдер, ыдыс-аяқ, әшекей бұйымдар мен өзге де тұрмыстық заттар ұсынылған. Олардың әрқайсысының қайталанбас тарихы бар. Бір қызығы, жәрмеңкеге мектеп оқушыларынан бастап егде жастағы шеберлерге дейін қатысып жатыр.

Уәсиля Нұрмұханбетова теміржол саласының маманы. Соңғы  жылдары қолөнерге бет бұрған ол жәрмеңкеге «Мыңжылдық сәулесі» атты топтамасын әкеліпті. Тек күн мен жердің түсін таңдайтын шебер көне сарын, ертеден жеткен ою-өрнектерді жаңғыртуға кіріскен.  

Уәсиля Нұрмұханбетова, қолданбалы өнер орталығының жетекшісі:

- Біздің ұлттық нақыштағы этно қазақи ламбрикен осындай мен бірінші жасап отырмын. Бұл жерде ши құрақ та бар. Қошқар мүйіз де бар. Оның барлығының бұл жерде бірталай тарихы бар. Бұл жерде бір ерекше үн бар.

Ал Екібастұздың «Шик Арт» ұжымы  жәрмеңкеде ұлттық киімдердің сән үлгісін көрсетті. Фэшн-көрсетілімді көркем сурет мектебі әзірлеген. 

Азамат Рахметов,  көркем сурет мектебінің жетекшісі:

- Біз көркем сурет мектебі болғаннан кейін плакатқа сурет салуды дұрыс деп санадық. Қазір келесі топтамаға дайындық жүріп жатыр. Ол  қобыз, домбыра және торсық үлгісіндегі үлкен бас киімдерден құралады.

Үздік қолөнершілердің басын қосқан көрмеге  ағаштан түйін түйген шеберлер, зергерлер, тігіншілер қатысып жатыр. Виктория Сұлтанова моншақтан түрлі әшекей бұйымдар жасайды. Бұл өте нәзік жұмыс дейді ол. Бір топтамаға жарты жылдай уақыт кетеді екен. Асыл тастармен көмкеріліп, маржанмен тізілген кестелі алқаларға тапсырыс көп.

Виктория Сұлтанова, қолөнер шебері:

- Мен әшекей  бұйымдарды Павлодар облысы ғана емес халықаралық көрмелер жиі  апарамын. Жуырда Дубайға барып  халықаралық әйелдер форумына қатыстым.  Біздің ұлттық нақыштағы бұйымдарға зор қызығушылық барына көзім жетті. 

Биыл Павлодарда «Шабыт қайнары» деген атаумен балаларға арналған қолданбалы өнер орталығы ашылған еді. Онда балалар ұлттық нақыштағы бұйымдардың түр-түрін жасайды. Бес күнге созылатын көрме-жәрмеңкеде олар өздері жасаған  бұйымдарды сатып табыс табады.

Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Жеңіс Темірболат