Театр сыншысы, жазушы Әшірбек Сығайға мемориалды тақта орнатылды – Алматы

Алматыда мемлекет және қоғам қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы, театр сыншысы, профессор Әшірбек Сығайдың құрметіне ескерткіш тақта ашылды,  деп хабарлайды «Хабар 24» ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Бұл - тарихи маңызды шешім. Бүгін аса көрнекті театр ұйымдастырушысына және сыншысына, қазақ өнерінің шынайы жанкүйеріне ескерткіш тақта орнатылды. Әшірбек ағаның шығармашылық өмірі біздің сүйікті қаламызбен тығыз байланысты. Оның есімі, мұрасы халқымыздың жадында, шәкірттерінің есінде мәңгі қалады», – деп атап өтті шараға қатысқан Алматы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев. Мемориалдық тақта Жібек жолы көшесі, 12А мекенжайындағы үйдің қабырғасына орнатылды. Бұл үйде белгілі театр сыншысы 1980-1999 жылдар аралығында 20 жылға жуық тұрған. Әшірбек Сығай – Қазақстанның сахна өнерінің дамуына елеулі үлес қосты, қазақ театртану ғылымының негізін салушылардың бірі. «Іңкәр шақ» (1978), «Сыр сандық», «Сахнаға сапар», «Жарнама алдындағы ой», «Сахна саңлақтары» (1998), «Театр тағылымы» (2003), «Ән - тағдыр», «Таңғажайып театр» және басқа шығармалардың авторы. Оның еңбектері өнер және театр теориясы саласындағы оқулыққа айналды.