Туған елі композитор Кенжебек Күмісбековті еске алды – Ақмола облысы

Биыл Сарыарқаның сайын даласында туған сыршыл сазгер Кенжебек Күмісбековке 95 жыл, деп хабарлайды «Хабар 24».

Көрнекті композитор көзі тірісінде ұлт өнерін өрістетуге үлкен үлес қосты. Енді міне, өскелең ұрпақ өнер иесінің мұраларын дәріптеп жүр. Осыған дейін сазгердің шығармашылығына арналған кештер еліміздің түкпір-түкпірінде өткен еді. Тау тұлғаның күй керуені туған өлкеде қортындыланды.

Әуелеген ән, күмбірлеген күй – мұнда шырқалғанның барлығы Кенжебектің туындылары. Өрелі өнер иесі өмірден өтсе де, көптің көңілінен кетпеді. Ел оның шығармашылығын күні бүгінге дейін жылы қабылдайды. Күрделі туындыларын кәсіби орындау да ерекше шеберлікті қажет етеді.

Дархан Бейсембеков, Қорғалжын ауданының мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы:

– Міне, бүгінгі кеште елорданың өнер ұжымдары Кенжебек Күмісбеков атамыздың 16 туындысын орындайтын болады. Соған міне, ауданымыздың, еліміздің азаматтарын қонақ қылып шақырдық, былайынша айтқанда үлкен сый болмақ. Шығармашылықтың шыңына жеткен ауданымыздың тумасы өскелең ұрпақтың өнерге деген махаббатын ашады деген оймен бұл кеш ұйымдастырылып отыр.

Арқада туған өнер иесі осы өңірдің музыкалық дәстүрін бойына сіңірген. Ән мұрасы ұлттық бояумен ерекше. Музыкаға деген жоғары талғамына кәсібилер де таңданыспен қарайды.

Сабыржан Сейілханұлы, Е.Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармониясының бөлім жетекшісі:

– Қазіргі Еуропаның классиктерін Моцарт, Гаден, Бетховен дейтін болсақ, біздің қазақтың бірегейі, тұлғасы үлкен классигіміз Кенбей Күмісбек ағамыз. Бүгінгі оркестр 45 адамнан тұрады. Қазақ оркестрі болғаннан кейін өзіміздің домбырамыз, қобыз, сым қобыз, шертер, бас домбыра, үрлемелі аспаптар бар.

Келелі кеш көңілден шықты. Өнерпаздар сазды иірімді әндерді нақышына келтіре орындап, дүйім жұртқа шат-шадыман көңіл күй сыйлады. Кешке Кенжебек Күмісбековтың көзін көрген замандастары да келді. Жас кезден өр тұлғаның өнерін тыңдап өстік дейді олар.

Қорғалжын тұрғындарына осындай үлкен концерт бергендеріңізге рақмет, халық осындай әндерді көптен сүйеді. Еліміздің тумасы Алматыда оқып жүрген уақытта концеттеріне талай рет қатысқанымыз бар.Ол кісіні ертеден білеміз.

– Өмірде барлығын өз білімімен меңгерген, компазиторлығын да, жолдастары көп болатын. Әруағы риза болады.

Екі жылдан бері бізде концерт болмаған, індеттің арқасында үйде жаттық. Үрегіміз тербеліп, әсем ән тыңдадық, әсем күй тыңдадық. Сарыарқа күйі қатты ұнады.

Күй кешін ән сүйер қауым ыстық қабылдады. Төл өнердің тамырына қан жүгірткен  тұлғаның туындылары ел жандында жақұттай жарқырай бермек.

Авторлары: Бекзат Аманов, Ырыстанбек Оспанов