Бішкекте қазақстандық екі фильмнің тұсаукесері өтті

Бішкекте «Мұқағали» және «От» деп аталатын қазақстандық екі кинокартинаның тұсаукесері болды. Премьера қазақ киносы күні аясында өтті. Отандық туындыларды шетелде көрсету марафоны биыл 15 елді қамтиды. Бірақ ең алғаш болып, дәл осы қырғыз елінің астанасынан бастау алды.

Қазақ киносын қырғыз халқы сүйіп көреді. Сондықтан жергілікті көрермен назарына бұл жолы да бір-біріне мүлде ұқсамайтын, бірегей картиналар ұсынылды. Соның бірі режиссер Болат Қалымбетов түсірген «Мұқағали» фильмі. Драма жанрындағы бұл туынды көрерменді тек ақынның шығармашылығымен ғана таныстырып қоймайды. Сонымен қатар Мұқағалидің ішкі жан дүниесі, өмірі жайлы сыр шертеді. 

Болат Қалымбетов, фильм режиссёрі:

- Енді бұл қазақтың ұлы ақыны. Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығына арналған болатын. Үлкен бір...мұнда мен айта кетейін бұл енді ақын туралы емес, ақынның тағдыры туралы, ақынның өмір сүрген ортасы туралы, сол ғасыр туралы. Неге Мұқағали Мақатаев 45 жасында ерте өмірден кетті деген сұрақтарға жауап іздеуге тырыстық.

Қазақ киносының екі күндік фестивалі аясында көрсетілетін тағы бір фильм «От» деп аталады. Киносыншылардың сөзінше, режиссер Айжан Қасымбектің бұл туындысы қырғыз көрерменінің көңілінен шығады. Өйткені комедияда көрсетілетін әлеуметтік мәселелер жергілікті жұртқа етене жақын.

Артық Суюндуков, кинорежиссер:

- Соңғы жылдары Орталық Азия киносы жайлы ақпарат азайып кетті. Сондықтан біз тәжік киносы, өзбек, түрікмен, қазақ киносы туралы көбірек біліп, ортақ жобаларды ойластыруымыз қажет. Бұл көрермендер үшін қажетті дүние.

Бішкектегі кинофестивальді ұлттық киноны қолдау орталығы ұйымдастырды. Оған еліміздің Мәдениет және спорт министрлігі қолдау көрсетті. Жалпы биыл қырғыз жері қазақ киносының премьерасы өткен алғашқы мемлекет. Жоспар бойынша жыл соңына дейін алыс-жақын 15 елде кинопремьера ұйымдастырылмақ. Мақсаты қазақстандық фильмдерді халықаралық деңгейге көтеру және бірлескен жобаларға серіктестер мен инвесторларды тарту. 

Бакыт Чермашев