Қарағандыдағы «Жұлдыздар аллеясы» жаңа есіммен толықты

КСРО Халық әртісі, Қаз КСР мемлекеттік сыйлығының лауреаты, композитор Сыдық Мұхамеджановқа жұлдыз белгісі қойылды, деп хабарлайды «Хабар 24»

Есімі ескерткіш тақтаға алтын әріптермен жазылып, қызының қолына арнайы сертификат табысталды. Өнер майталманы еліміздегі мәдениет саласын дамытуға өлшеусіз үлес қосқан. Сыдық Мұхамеджановтың қаламынан туған «Айсұлу», «Жұмбақ қыз», «Ақан сері-Ақтоқты» опералары, «Ғасырлар үні», «Шаттық мекені» симфониялары, скрипка, қобыз, гобой, домбыраға арналған концерттері қазақ музыкасындағы ірі құбылыс болды. Композитор спектакльдер мен кинофильмдерге де музыка жазған. Әндері мен романстары, соның ішінде балаларға арналған әндері көпшілікке кеңінен танымал.

Бұл – аллеядағы осымен 12-ші тақта. Бұған дейін дәл осы жерде Бибігүл Төлегеноваға, Роза Рымбаеваға, Қайрат Байбосыновқа, Ескендір Хасанғалиевке және аты аңызға айналған «Дос Мұқасан» тобына құрмет белгісі қойылған болатын. Бұл күні кеншілердің мәдениет сарайында концерт өтіп, сазгердің шығармалары орындалды.

Кенжеғали Мыржықбаев, ҚР Еңбек сіңірген әртісі:

- Қырық жыл бойы бүкіл өмірін музыкаға арнаған адам. Музыканың барлық жанрына қалам тартқан кісі. Жалпы адамның дауысына концерт жазған тұңғыш адам осы – Сыдық Мұхамеджанов. Сондықтан менің айтарым, ол кісінің 100 жылдығы қарсаңында бүкіл республикада шығармалары орындалу керек.