Ақмола облысында мәдениет ошақтары жөнделіп жатыр

Жауапты басқарманың мәліметінше, қазір 26 нысан қалыпқа келтірілуде.

Ал соңғы 3 жылда 100-ден астам ауылдық клуб жөндеу көрген екен. Алдағы жылдарға да жоспарымыз ауқымды, дейді жергілікті билік өкілдері.

Бұл Зеренді ауданына қарасты Айдабол ауылындағы жақында ғана ашылған мәдениет үйі. Жергілікті билік өкілдері, 20 жылға жуық қаңырап бос тұрған ғимаратты 140 млн теңгеге қалыпқа келтіріп, мәдениет саласының мамандарына берген. Ал бұрын 1 мыңнан астам халқы бар бұл елді мекенде мәдениет ошағы мүлдем болмапты. Енді аталған нысан ауылдықтар үшін үлкен орталыққа айналмақ.

Алмат Балтағарин, Зеренді аудандық мәдениет бөлімінің жетекшісі:

«Ауылдық кітапхана көшірілді. Бұрын ол кітапхана жекеменшік кәсіпорында жалға алатын да бір бөлмені. Одан кейін жаңағы ауылдық клуб іске қосылады. Одан қалды алдағы жоспарымызда бар, би хореография бөлмесі іске қосылады. Сондай-ақ 200 орындық көрермен залы алдағы жылы көрермендер орындықтары алынып, ол да іске қосылатын болады». 

Бірақ өңірдегі барлық ауылдың клубы мұндай емес. Облыстық мәдениет басқармасының мәліметінше қазір 60 шақты мәдениет ошағы күрделі жөндеуді қажет етеді. Ал олардың көбі шалғай елді мекендерде орналасқан. Жауаптылар, алдағы жылдары барлығын қалыпқа келтіреміз, деп отыр.  

Айгүл Сәбитова, облыстық мәдениет басқармасының басшысы:

«Ендігі жылы мәдениет басқармасы 100-ден астам тағы жаңа проект ұсынып отыр. Ол енді 3-4 млрд теңгеге құрамы сондай болады. Мәдениет үйлері, кітапханалар жақсы жөндеу керек ететіні бәрімізге мәлім. Сондықтан жұмыс жалғасады».

Жөндеу жұмыстарынан бөлек аймақта 2025 жылға дейін жаңадан 10 шақты мәдениет үйі тұрғызылмақ. Жалпы қазір Ақмола облысында 600-ден астам мәдениет нысаны бар. Ал олардың басым бөлігі, нақтырақ айтсақ, 96 проценті мемлекеттік.

Дамир Берікұлы, Евгений Шинкаренко