Алматыда XVI халықаралық «Еуразия» кинофестивалі өз жұмысын бастады

Дүниежүзілік пандемияға байланысты бұл мәдени шара біраз уақыт үзіліс алған болатын. Енді міне қайтадан жалғасын тапты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл жолы байқау бағдарламасында айтарлықтай өзгеріс бар. Халықаралық бағдарлама бойынша 15  фильм сайысқа түссе,  қазақстандық 15 туынды ұлттық байқауда бақ сынайды.

Осымен 16-рет ұйымдастырылып отырған дәстүрлі «Еуразия» кинофестивалі қайтадан жарыққа шықты. Биылғы фестивальдің басты серіктесі «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы». Олардың көмегімен 11 отандық фильм түсірілген болатын.

Ардақ Әмірқұлов,  «Еуразия» кинофестивалінің директоры:

Ең бастысы көрсетілетін фильмдер көрерменнің көңілінен шықса болды. Ал олардың арасынан үздіктерді таңдап алу қазылар үшін қашанда қиындық туғызады.

Биылғы Еуразия кинофестивалінің шымылдығын Қазақстанның Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша түсірілген Сәбит Құрманбековтың «Боран» картинасы ашты. Бұл фильм халықаралық байқауда бақ сынайды. Ал биылғы фестивальдің басты ерекшелігі-отандық өнімдерге үлкен мүмкіндік беріліп отыр.

Гүлнара Әбікеева, «Еуразия» кинофестивалі бағдарламасының директоры :

Ең маңыздысы біз ұлттық байқауға басымдық беріп отырмыз. Ал бұрындары көбіне шетелдік туындылар алдыңғы қатарға шығатын. Соңғы 10 жылда қазақ киносы қарқынды түрде дами бастады. Алды Берлин мен Торонто және Венеция мен Токиода өткен байқауларға қатысып қайтты. Сол туындылар енді ұлттық байқауда өзара сынға түсетін болады.

Әлемдік кинематографияның өткен дәуірі мен барлық жанрына шолу жасайтын «Ерекше оқиға» бағдарламасы байқаудан тыс көрсетіледі. Сондай-ақ «Жаңа есімдер» бағдарламасы қазақстандық қысқаметражды киноларға арналады. Фильмдердің барлығы тегін көрсетіледі.

Авторлары: Жандос Айтбайұлы, Сержан Жұмабаев