Оралда 180 отбасы баспаналы болды

Орал қаласында 180 отбасы баспаналы болды. Жыл санап көркейіп келе жатқан Зачаганск кентінде тағы бір 9 қабатты тұрғын үй бой көтерді.

Пәтерлер банк салымшыларына кезек тәртібімен табыс етілді. Олардың қатарында қала тұрғындары ғана емес, ауылда тұратын отбасылар да бар. Кейінгі кезде шаһардың оңтүстік-батыс жағынан көп қабатты үйлер көптеп салына бастаған. Жаңадан қоныс тепкен тұрғындар аялдама алыс екенін айтып, құзырлы органдардан қоғамдық көлік қызметін оңтайландыруды сұраған еді. Бұл мәселе де шешімін тапты. Енді автобус жаңа тұрғын үйлердің маңынан өтетін болды. Былтыр «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында шаһарда 7 көп қабатты баспана пайдалануға берілді. Бұл мақсатқа қазынадан 17 млрд теңге жұмсалған.

Алтынбек Қабделов, қала тұрғыны:

- Жаңа жылда үш бөлмелі пәтердің иесі атандық. Өте қуаныштымыз. Барлық қазақ халқына тілерім осы. Бәрі баспаналы болсын.