Атырау облысында электр жарығына қатысты апатты жағдай қалпына келтірілді

Атырау облысындағы екі күнге созылған электр жарығына қатысты апатты жағдай толықтай жойылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір мұнайлы өңірдегі барлық аудан қалыпты тіршілік ырғағына көшті. Естеріңізге сала кетсек, 10 қаңтар күні кешкісін облыс орталығында Жайық өзенінің сол жағалауы мен Мақат, Индер, Қызылқоға және Жылыой аудандарында электр қуатына деген тапшылық байқалды. Салдарынан тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарда уақытша қиыншылық пайда болды. Кеше, 11 қаңтар күні сағат 19.00 ден бастап облыс бойынша жағдай қалыпқа келе бастады. Дегенмен әлі де жарықсыз отырған ауылдар бар еді. Бүгін оларға да жарық жетті. Ең бастысы жылу жүйесі тоқтаған жоқ. Оқыс оқиғаға байланысты облыс әкімдігі жанынан арнайы жұмысшы тобы жасақталып, тексеру басталды.

Қайрат Бекенов, облыс әкімінің орынбасары-жұмысшы тобының жетекшісі:

– Облыс орталығы мен барлық аудан тұрғындары электр желісіне қосылды. Ешқандай апаттық жағдайларға жол берілген жоқ. Бүгінде энергетикалық бақылау органдарымен тексеру жұмыстары басталды. Олар жағдайды зерделеп, тиісті органдарға жолдайтын болады.