Павлодарлық ассенизаторлар қызметтерін атқарудан бас тартып отыр

Соның салдарынан облыс орталығындағы жекеменшік сектордағы құдықтар кәріз суына толып кеткен, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал су сорумен айналысатын қызмет көрсетуші ұйым монополистің шешіміне наразы. Олар суды төгу қызметі бойынша қосымша келісімшарт жасамақ. Қос тараптың түсінбеушілігінен қарапайым тұтынушылар зардап шегіп отыр. Мәселе қалайша шешімін табады? Жергілікті биліктің пікірі қандай?

Ақмарал Есімханова, тілші:

- Нина Пригородова ассенизатордың көмегіне айына бірнеше рет жүгінеді. Осы жолы бірде бір көлікті шақыра алмай дал. Ал кәріз құдықтары суға толып қалған. Салдарынан не киім, не ыдыс жуа алмай отыр.

Нина Пригородова, қала тұрғыны:

- Ыдыс-аяқтарымды жуып болдым. Енді суды қайда төгерімді білмеймін. Осылай жалғаса берсе, лас су аулама жайылып кетеді. Ассенизаторлар «уақытша қызмет көрсетпейміз» деді. Көршілерім де осындай күйде.

Бұл жекеменшік секторда орталықтандырылған кәріз жүйесі бірнеше жыл бұрын іске қосылды. Дегенмен, бұл желіге әлі күнге дейін қосыла қоймаған тұрғындар жетерлік. Кәріз суларын құю үшін осындай қолдан жасалған құдықтарды қолданылады.

Алексей Прошкин бұл үйде 40 жыл бойы тұрып келеді. Әзірге орталықтандырылған кәріз жүйесін пайдаланбайды. Сондықтан кәріз суларын өзі қазып алған құдыққа төгеді.

Алексей Прошкин, қала тұрғыны:

- Бір көлікті шақыртуға 3-4 мың теңге жұмсаймын. Бір құдықтан 2-3 текше метр су шығады. Баға көңілімнен шығады. Көршілерім айына бірнеше рет шақыртуы мүмкін. Қымбаттаса, қалтаны қағары сөзсіз. Оған жол бермеу керек. Біз зардап шегеміз.

Бұған дейін жекеменшік үй иелеріне 20-дан астам көлік иесі кәріз суларын төгу қызметін көрсетіп келген. Бүгін тек төртеуі ғана жұмысқа шықты. Ассензаторлардың айтуынша, оларға кәріз суын төгу полигонын ұсынатын кәсіпорын келісімшарттарын өзгерткен. Мамандар бұған қарсы.

Қанат Әбдірахманов, ассенизатор:

- Алты текше метрлік көлік үшін мың теңге төлейміз. Күніне 10 рейс жасасақ 10 мың теңге төлеуіміз керек. Бір айда қызмет үшін 300 мың теңге төлеуіміз керек. Шығындарымыз көбейді. Біз айына 120 мың теңге табамыз.

Мәселенің мәнісін жауапты ұйым өкілдерінен сұрап білдік. Мониторингтік тексеріс нәтижесінде ассенизаторлардың күніне 200 текше метрден астам лас суды төгетіні анықталды. Бұл бұрынғыдан екі есе көп мөлшер.

Дмитрий Башкиров, қызмет көрсетуші ұйым өкілі:

- Күнделікті шығарылатын кәріз суының көлемі 400 текше метрге жетеді. Осыған байланысты ассенизаторлық көлік иелерімен қосымша келісімшарт жасалмақ. Есептеу әдістемесіне сәйкес ассенизаторлар әр текше метр үшін төлейтін болады. Тариф көтерілмейді. Әр текше метр үшін 163 теңге. Тек жұмыс шарты өзгерді.

Бұл шартпен келіспейтіндер төрт күн бойы жұмысқы шықпай қойған. Қазіргі уақытта төрт азамат келісімшартты бұзды. Ал тұрғындардың өтініштері бойынша жергілікті әкімдікке қарасты мемлекеттік кәсіпорын уақытша қызмет көрсетуге кірісті.

Игорь Рыбас, қалалық ТКШ бөлімінің басшысы:

- Өтініштер көп түсті. Бір күннің ішінде 60 құдықтан су шығарылды. Біз ассеназиторлық көлік иелерімен түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Олардың көбі жұмыстарына қайта кірісіп жатыр. Жаңа талаптармен келісті.

Қосымша келісімшарт ақпаннан  бастап күшіне енеді. Жаңа талаптармен келіспеген ассенизаторларға ойлануға уақыт берілді. Келіспеген жағдайда келісім бұзылмақ.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Самат Оспанов, Жеңіс Темірболат