Шымкент тұрғындарын қолайсыз ауа райы әбігерге салды

Боранды желдің ұйытқи соғуы салдарынан Шымкенттің іргесіндегі көптеген шағын аудан жарықсыз қалды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір шаһарда электр желілерін қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, шамамен 700 абонент электр қуатынсыз қалған. Шаһарда толассыз жауған қар тоқтар емес.

Қалада желдің екпіні секундына 25 метрге дейін жетті. Таңертеңнен бастап қаланың коммуналдық қызметтері күшейтілген жұмыс кестесіне көшті. Олар қоймадағы барлық инертті материалдарды пайдаланып, жол тазалауға кіріскен. Қазір көшелер мен аялдамалар, жаяу жүргіншілер жолы мен әлеуметтік нысандар қардан тазартылып жатыр.

Асхат Әбдірешев, коммуналдық қызметтің бөлім басшысы:

Қала бойынша 123 дана техника жұмылдырылды. Оның  ішінде 571 адам қолмен күреу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Инертті материалдар дайын, бәрі жеткілікті. Қысқа дайынбыз.

Күн райының нашарлауына байланысты бірақатар мөлтек ауданда электр қуатының желілері үзілген. Сол себепті  Шымкенттің іргесіндегі көптеген шағын аудан жарықсыз қалған. Қазір шаһарда электр желілерін қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сала мамандарының хабарлауынша, 18 елдімекендегі, шамамен 700 абонент электр қуатынсыз отыр.

Бұхарбай Парманов, Абай ауданының әкімі:

– Елді мекендерде жарық сөнді. Қала сыртындағы Ақжар, Самал-1-2, сонымен қатар Қаратау ауданындағы «Нұрсәт» шағын аудандарында ептеп электр жарығының өшуі болды. Қазір Оңтүстік Жарық мекемесі арқылы біртіндеп қалпына келтірілуде. Төтенше жағдай орын алған жоқ. Барлығы қалыпты.

Ел-жұртты әбігерге салған ауа райы көлік жүргізушілерін де таңнан бері қыспаққа алды. Қалалық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, қалада 51 жол-көлік апаты болған. Ол аз десеңіз көшелердегі бағдаршамдар жарықтың жоқтығынан істен шыққан. Ертең қалада тағы да күн райы бұзылып, бұрқасын соғып, жел күшейеді деген болжам бар. Бұдан бөлек елдің оңтүстігінде Алматы – Ташкент – Термез республикалық маңызы бар жолдарда көлік қозғалысы тоқтады. Үлкен тас жолда көру мүмкіндігі нашарлап, қарлы боран және көктайғақ болды. Мамандар жолаушылардың ұзақ жолға шықпауын ескертеді.

Авторлар: Нұрбек Байбосын, Нұрмахан Мұсатов

Сондай-ақ...