Шығысқазақстандық маралшылар субсидия сұрап отыр

Шығыстың бренді саналатын Алтайдың кербұғысы азайып барады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір аймақта сегіз мың бес жүз марал бар. Басым бөлігі Қотанқарағай ауданында өсіріледі. Алайда соңғы жылдары шаруашылық саны да азайып барады. Себебі марал өсіру көп шығынды әрі ерекше күтімді қажет етеді. 2019 жылға дейін бұл салаға мемлекеттен субсидия төленіп келді. Қазір мүлде берілмейді.

Төрт түлікке қарағанда маралды бағып-қағуда ерекше жауапкершілік керек. Сондықтан маралшылар жыл он екі ай аттан түспейді. Балалық шағынан маралдың басы-қасында өскен Аманжол Аяғанов қазір бұл саланы 5 саусағындай біледі. Жеті жыл бұрын құрылған шаруашылықтағы 300-ге жуық маралды 5 адам бағады. Қыста қозықасы мен бұғысын аналық маралдан бөліп бағады.

Аманжол Аяғанов, бас маралшы:

– Бір қорада 50-ден артық бас ұстай алмайсың. Мүйізі дұрыс шықпайды, күтпесең. Бәрі күтімге байланысты. Күтім керек.

Ерекше күтім жасау үшін маралшылар ала жаздай жем-шөп дайындап, қара күзде күйекке түскен соң қоршауға кіргізеді. Ал қыста шөп салып, қолдан жем де береді.

Марал негізінен жыл он екі ай табиғатта қоректенетін болса, қыста жем-шөп шөпті қолдан береді. Жем-шөбі жақсы болса, оның жазда кесілген мүйізі де ұзын болады.

Қазір Қотанқарағай ауданында 11 шаруашылықта 3260 бас марал бар. Ол шаруашылықтардың бір-екеуі ғана ірі. Яғни мүйіз кескен уақытта панта сорпасын дайындайды. Қалғаны ұсақ отбасылық қожалықтар. Қазір бұл салаға да субсидия берілмейді.

Мұратхан Сәдуев, марал шаруашылығының жетекшісі:

– Маралдың шығыны көбірек. Шөп шабатыны бар. Еңбекақылары бар. Оның қоршауы бар. Соның бәрін санағанда шығыны көп. Сол үшін субсидия берсін деп отырмыз. Басқа мал шаруашылықтарына беріп жатыр ғой, маралға берілмейді. 

Маралға берілмейтінін ауыл шаруашылығы басқармасы мамандары да растап отыр. Бірақ 2019 жылға дейін әр маралдың басына республикалық бюджеттен 10 мың теңге субсидия төленіп келген. Ал 2020 жылдан бастап демеу қаржыны төлеу облыстық бюджетке ауыстырылған. Алайда өзгеріс енген ережеде облыс қазынасында қосымша қаржы қарастырылса деп ғана көрсетілген.Нақты міндет жоқ.

Ертай Қуанбаев, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:

– Қазіргі уақытта біздің басқарма тарапынан марал шаруашлығын қаржыландыру бөліну үшін бюджеттік өтінім беріп отыр. Біз осы бар маралдың көлемінде 20-30 миллион теңге субсидия сұрап отырмыз.

Сұрап отырған субсидияны беру-бермеуді облыстық маслихат депутаттары шешеді. Сондықтан әзірше марал өсірудің машақаты көп болып тұр.

Олжас Керейхан, Жігер Бабаханов, Дмитрий Пыхтин

Сондай-ақ...