Алматыда медицина саласында жазатын журналистерге арналған оқу курсы басталды

Санжар Асфендияров атындағы медициналық университетте БАҚ өкілдері бес күн бойы медицина тақырыбында жазу барысында ескерілетін ерекшеліктермен танысады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Білікті профессорлар адамның репродуктивті денсаулығына, трансплантацияға және дәрігер қателіктеріне қатысты дәріс оқиды. Пандемия, вирусология және эпидемиология тақырыбы да курс аясында қаузалады. Бүгін әйелдер мен ерлер денсаулығына арналған бірінші дәрісті танымал акушер-гинеколог Вячеслав Локшин оқыды. Маманның айтуынша, елде жас ерлі-зайыптылардың шамамен 15 проценті бедеуліктен зардап шегеді. Бұл репродуктивті технологияларға сүйенетін клиникалардың санын арттыру қажеттілігін тудырды дейді маман. Бір апталық дәрістен кейін журналистер мен блогерлер клиникаларға барып, белгілі бір тақырыпты жан-жақты жазады. Курс соңында қатысушыларға сертификат беріледі.

Талғат Нұрғожин, С.Асфендияров атындағы ҚАЗҰМУ ректоры:

– Бүгіннен бастап бір аптаның ішінде толығымен өтеді. Пандемияның кезінде негізгі деректердің халыққа дұрыс беру үшін медицина- журналистикасын оқыту керек екен. Өйткені журналистерге медициналық тақырыптағы өзекті мәселелерді толығымен ашып, олардың шындығын және олардың негізі өзекті нақты нәрселерді толығымен жазуға, ақпаратты көрсетуге мүмкіндік беретін курс болу керек.