Соңғы үш жылда 110 мың көлік жүргізуші куәлігінен айырылған

Темір тұлпар иелеріне көлік жүргізу куәлігін өзімен бірге алып жүруді міндеттемейтін жаңа заң 13 ақпанда күшіне енеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бірақ жүргізушінің жеке куәлігі мен көлігінің техникалық төлқұжаты өзінде болуы қажет. Бүгін елордада қалалық полиция департаментінің қызметкерлері жол ережесін бұзған жүргізушілердің деректері планшет арқылы қалай тексерілетінін көрсетті. Азаматтың бұрын істі болу-болмауын білу арқылы әкімшілік құқық бұзушылықтың бірінші рет немесе бірнеше мәрте жасалғаны анықталады. Кейін айыппұл көлемі белгілі болады. Ал планшет болмаған жағдайға байланысты мамандар түсініктеме берді.

Самат Балтабаев, қалалық полиция департаменті мамандандырылған батальонының аға инспекторы:

– Планшет болмай қалған жағдайда адамның төлқұжаты мен жеке куәлігі арқылы радиобайланысқа шығып, толықтай ақпарат алуына мүмкіндік бар. Оған көп уақыт кетпейді. База істеп тұрса, тез болады. Яғни ЖСН-ді айтсақ, жеке тұлғаның жүргізуші куәлігінің бар-жоғы көрсетіледі.