Орал аумағындағы су қоймаларындағы балыққа қауіп төнді

Батыс Қазақстан облысының аумағындағы су қоймаларында балықтар жаппай қырылуы мүмкін. Мамандар осылай деп дабыл қақты. Өйткені өңірдегі өзен-көлдерде су мүлде тартылып кеткен. Қар жамылғысы мен мұз қалыңдығы 60 сантиметрден асады. Суасты тіршілік иелерін қорғауға жауапты мекеменің қолында аэрациялық шараларды атқаратын бір де бір техника жоқ. 

Бұл Деркөл өзені. Кезінде тереңдігі төрт метрден асатын асау  өзен болыпты. Кейінгі жылдары суы азайып, құрғап бара жатқаны рас. Дегенмен, қалың қар мен мұз жамылғысын жиі аршып тұру қажет. Өйткені су түбіне оттегі жіберіп тұрмаса болмайды. Мына ойықтар да сол мақсатта қажет. 

Геннадий Картунов, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі ақжайық бөлімі инспекциясының бас маманы:

- Бұл істе бізге волонтерлер көмектеседі. Бірақ қанша ойық ойсақ та жеткіліксіз. Шалғай су қоймаларына жету де мүмкін емес, өйткені  талапқа сай техникамыз жоқ. Соның салдарынан жақында балықтар қырылды.  Бұл өзенде шортан, мөңке, ақкөз бен торта секілді балық түрлері бар. Олардың бәрі қырылып қалса табиғатқа орны толмас зиян келеді ғой.  

Инспекторлар бұл тұста небәрі 30 шақты ойық ойып үлгерді. Көп кешікпей мамандардың қолындағы мына жалғыз электрлі бұрғының да үні өшті. Оның өзі де волонтерлердің жеке мүлкі екен. Ал су түбіндегі оттегінің мөлшерін өлшейтін аспаптар атымен жоқ.

Төленді Иманғазиев, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі Ақжайық бөлімі инспекциясының бас маманы:

- Қазіргі проблема бізде жүргізетін құралдар жеткіліксіз. Мотопомпа жетіспейді. Инспектор жетіспейді. Облыс бойынша 8 инспектор, үлгірмейміз. Суды келіп тексергенде өлшейтін құралымыз жоқ. Тонометр, аксиометр, сол. Балық қырылу қаупі бар қазіргі уақытта судың аздығынан және қалың қар мен мұздың қалыңдығынан балыққа оттегі жеткіліксіз.

Қазір аймақтағы 30 шақты су қоймасы кәсіпкерлерге жалға беріліпті. Мұндай су қоймаларында жағдай сәл басқаша. Бірақ барлығында бірдей емес. Көбі мына секілді желдің көмегімен айналып тұратын құрылғылар орнатқан. Соның көмегімен су асты трішілік иелеріне ауа жіберіледі екен.

Михаил Марченко, кәсіпкер:

- Биылғы қыстың балық қорына аса қауіп төндіріп тұрғаны рас. Ал мынадай  құралдардың су қоймаларын оттегімен қамтуда  көмегі орасан. Біз өз тәжірибемізбен үнемі бөлісіп отырамыз. Бірақ биыл қыста кейбір  шаруашылықтарда өсіп, өніп жатқан балықтар жаппай қырылып қалды. Обал әрине.  

Мамандардың айтуынша, ақпан мен наурыз айы су астында оттегінің азаятын шағы. Сондықтан су қоймаларына аэрациялық шаралар ауадай қажет. Бірақ аймақтағы арнасына сыймай шапшып ағатын өзендердің қазір арыны басылған. Себебі соңғы жылдар бедерінде Жайық өзенінің деңгейі тым төмендеп кетті. Соның нәтижесінде жүздеген жайылма мен ескі арналар мүлде құрғап қалды.

Талғат Серікқалиұлы, Болат Жарылғасов, Қанат Махмұтов

Сондай-ақ...