Оралда кейуана пәтерін еденнен төбеге дейін қоқысқа толтырған

Орал қаласында кейуана пәтерін қоқысқа толтырып тастаған. Ішке кіру қиын. Дәрігерлердің айтуынша, жалғызбасты әжей жүйке ауруына шалдығыпты. Пәтердегі тонналаған қоқыс салдарынан көп қабатты үйді түгел жағымсыз иіс басқан. Көршілері мәселені өз күштерімен шешуге әрекет еткенімен нәтиже болмапты. Кейін мемлекеттік органдар араласты. Алайда пәтердегі қоқыс мәселесі әлі шешілмеген.

Еркебұлан Смадияров, тілші:

- Міне бұл ас бөлмесі. Мұнда қоқыс толып тұр. Жағымсыз иіс қолқаны қабады. Бұл жерде өмір сүру мүмкін емес. Қоқыстан бөлек, мұнда, мінекей, тарақандар қаптап кеткен. Жалпы пәтер 2 бөлмелі. Бірақ бөлмелердің барлығы да қоқыстан толып тұр. Қазір қоқыстарды шығарып жатыр. Тасып жатқандарына бірнеше күн болды, бірақ әлі де таусылатын емес.

Бауыржан Мырзағалиев, қала тұрғыны:

- Мына квартираны жинап жатырмыз, бәрін шығарып жатырмыз машинаға. Потому что мұнда сасық. Я говорю под потолок здесь был мусор.

Еркебұлан Смадияров, тілші:

- Байқағанымыздай, мұнда тек көң-қоқысты ғана емес, жарамсыз тұрмыстық жабдықтарды, яғни көрпе-көпшік, техникалар сынды заттардың барлығын жинаған екен. Қоқыстарды КАМАЗ-ға тиеп жатыр. Бұл ауыр техника бүгіндікке осымен үшінші рет келіп тұр. Біз де өзіміздің қолымыздан келгенше көмектесудеміз.

Пәтердің ішінде есіктен жатын орынға дейін тек жалғызаяқ жол болған. Кейуана дәл осылай бірнеше жыл өмір сүріп келіпті. Ол қоқыстың барлығын аула сыртындағы контейнерлерден тасыған. Тұрғындар талай мәрте жолын бөгепті. Алайда әжей әдетін доғармаған.

Еркебұлан Смадияров, тілші:

- Пәтер иесі бөлмелерден бөлек тіпті балконды да қоқысқа толтырып қойыпты. Тұрғындар балконды босату үшін қоқысты терезеден лақтыруға мәжбүр болып жатыр. 

Оның үстіне жүйкесі жұқарған жан түнде үнемі пәтерде айқай салып, көршілерінің ұйқысын қашыратын. Су шүмегін ашық қалдырып, төмендегі пәтерлерді су басқан кездер де болыпты. 

Татьяна Хохлачова, қала тұрғыны:

- Пәтер иелері кооперативі акт толтырды. Аумақтық полиция инспекторы да акт толтырып, әйтеуір төтенше жағдайлар департаментінің мамандары есікті ашты. Алайда шығын өтелген жоқ. Әжей жалғыз тұрады, сондықтан шығынды талап еткен жоқпыз. Бірақ сол кезде  оқыс оқиғалардың қайталанбауына кепіл боларлық шара қолданылмады.

Көп қабатты үйдің тұрғындары келесіздікті түбегейлі шешу жолын сұрап, талай мекеменің табалдырығын тоздырыпты. Алайда ешкімнен мардымды көмек болмаған. Кейін облыстық мәслихат депутатына шағымданған соң әйтеуір бір амалы жасалды.

Әлия Салиева, облыстық мәслихат депутаты:

- Заңда бар, көршілердің өтініші болса сонда кіруге болады. Бірақ былайғы практикада ол заң жұмыс істемейді. Тек мына азаматшаның өзінің өміріне қауіпті дегесін, сонда кірді (пәтерге). Маған 10 шақты осындай келіп жатыр өтініш.

76 жастағы кейуана қазір психикалық ауруханада уақытша ем алып жатыр. Яғни ол жуырда үйіне оралуы мүмкін. Тұрғындар келеңсіздік тағы да қайталана ма деп алаңдайды. Заңгердің айтуынша, алдымен медициналық мекеме науқасты әрекетке қабілетсіз деп тану жөнінде сотқа арыз жолдауы тиіс.

Мереке Ғабдуәлиев, заңгер:

- Жүйке ауруына шалдыққан адам үйде жалғыз болса, өрт тұтану, газ жарылу, су басу және басқа да оқыс оқиғалар тіркелуі мүмкін. Тұрғындар психикалық ауруханаға, ал аурухана сотқа шағымдануы керек. Ал аумақтық полиция қызметкерлері науқастың туысқандары немесе қамқоршысы бар-жоғын тексеруі қажет.

Ал облыстық психикалық денсаулық орталығы сотпен жұмыс істеуге құлықсыз. Мекемеден бізге жолданған ресми хабарламада бұл іспен аумақтық психиатр дәрігер және қалалық емхананың айналысуы қажеттігі жазылған. Тұрғындар мекемелердің шаруаны бір-біріне сілтеуінен шаршағанын айтады. Құжаттарды рәсімдеуге көмектесетін кейуананың ешқандай туысқаны да жоқ.

«Құзырлы органдар қағазбастылықты азайтып, мәселені түбегейлі шешуге мамандарды жұмылдырғанша тағы ұзақ уақыт жапа шегеміз бе» деп қынжылады көршілер.

Еркебұлан Смадияров, Руслан Ғазезов, Қанат Махмұтов

Сондай-ақ...