Маңғыстау облысында 129 заңсыз қоқыс алаңы тазартылды

Маңғыстаулықтар кез келген жерге төгілген күл-қоқысты смартфонға түсіріп, жедел желі арқылы жауапты органға жолдап жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Экология департаментіне жыл басынан бері 20-ға жуық адам хабарласқан. Көбінде тұрмыстық қалдықтар салынатын контейнердің уақытылы тазаланбайтынын айтады екен. Ал арнайы топ тексеру жүргізіп, кінәлі тұлғаларды жауапқа тартады. Былтыр экологтар 148 заңсыз қоқыс алаңын ғарыштық мониторинг жасау арқылы анықтады. Қазір оның 129-ы тазаланып, қалғаны жойылып жатыр.

Фариза Қожанепесова, өңірлік экология департаментінің бөлім басшысы:

- Біз өткен жылы полиция қызметкерлерімен бірге рейдтерге қатысқанбыз және қазіргі таңда да бұл жалғасып жатыр. Қоқысты тастап жатқан жерінен адамдарды ұстап, сол жерде әкімшілік айыппұл салынды. Өткен жылы қыркүйек айынан бастап жедел желі жұмыс жасап бастады. Иесіз тасталған қалдықтың суреті, видеосы мен геотектерін көрсету арқылы арыз-шағымыңызды қалдыруға болады. Контейнер қасына тасталған, уақытында тазаланбаған қоқыстар болса, 3 күннің ішінде тазалануы тиіс. Ал свалка болса, 7 жұмыс күні ішінде тазалануы тиіс.