432,01 515.14 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

2021 жылы атаулы әлеуметтік көмекке 122,8 млрд теңге қарастырылған

  • 486
  • UPD: 10:37, 26.02.2021
2021 жылы атаулы әлеуметтік көмекке 122,8 млрд теңге қарастырылған

Табысы аз азаматтарға атаулы әлеуметтік көмек көрсетуге 2021 жылы 122,8 млрд теңге қарастырылған.

Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің 2020 жылғы қызмет қорытындылары мен 2021 жылға арналған міндеттер бойынша кеңейтілген алқа отырысында ведомство басшысы Серік Шәпкенов хабарлады.

Іс-шараға ҚР премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов, Еңбекминінің орталық аппараты мен құрылымдық бөлімшелерінің басшылары, ҚР Парламентінің депутаттары, ҚР Президенті Әкімшілігінің, ҚР премьер-министрі кеңсесінің және орталық мемлекеттік органдардың өкілдері, облыстар, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары әкімдерінің орынбасарлары, халықаралық ұйымдардың, кәсіподақтардың өкілдері және басқалар қатысты.

Ол өз сөзінде Мемлекет басшысының атаулылықты, ашықтықты, әділдікті қамтамасыз ету, сондай-ақ еңбекке ынталандыруды арттыру жөніндегі тапсырмасын іске асыру шеңберінде 2020 жылдан бастап АӘК көрсетудің жаңа тәсілдері енгізілгенін еске салды. Әлеуметтік көмек тоқсан сайын тағайындалады, еңбекке қабілетті АӘК алушыларға қойылатын талаптар және учаскелік комиссиялар институты күшейтіледі, табысы аз отбасылардың балаларына кепілдендірілген әлеуметтік топтама ұсынылады.

«2020 жылдың қорытындысы бойынша алушылар саны 184 мың отбасынан 936 мың адамды құрады, оның ішінде 600 мың бала (64%), 73,5 мың көп балалы отбасы», – деп хабарлады Серік Шәпкенов.

Әлеуметтік топтаманы ұсыну шеңберінде 2020 жылы мектеп жасына дейінгі 218 мыңнан астам бала азық-түлік жиынтығымен (ай сайын) және гигиеналық құралдармен (тоқсан сайын) қамтамасыз етілді. Оқу кезеңінде 217 мың мектеп жасындағы бала тегін тамақпен және жеңілдікті жол жүрумен қамтамасыз етілді, ал оқу жылы басталар алдында мектеп формасы мен керек-жарақтарын алды.

Еңбекминінің басшысы сондай-ақ АӘК шеңберінде жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің 43 мыңға жуық шарасы іске асырылғанын хабарлады. Еңбекке қабілетті әлеуметтік көмек алушылар тұрақты және уақытша жұмыс орындарына жіберілді, қайта даярлаудан немесе кәсіпкерлікке оқытудан өтті, сондай-ақ өз ісін ашуға жеңілдікті микрокредиттер мен гранттар алды. Нәтижесінде еңбекке қабілетті АӘК алушылардың 74%-тен астамы немесе 201 мыңға жуығы жұмыс істейді және жұмыспен қамту шараларына тартылған.

«АӘК-ті іске асыруға (әлеуметтік топтаманы ұсынуды ескере отырып) 2020 жылы 88,2 млрд теңге жұмсалды. 2021 жылға 122,8 млрд теңге, оның ішінде 96,3 млрд теңге республикалық бюджеттен және 26,5 млрд теңге жергілікті бюджеттен қарастырылған», – деді министр.

Сонымен қатар Серік Шапкенов өткен жылы тек Қарағанды және Ақтөбе облыстары ғана АӘК төлеуге жергілікті бюджеттерден кемінде 15% мөлшерінде бірлесіп қаржыландыруды қамтамасыз еткенін атап өтті.

«2021 жылы Есеп комитетінің ұсынымы бойынша қоса қаржыландыру үлесі кемінде 20%-ті құрауға тиіс. Осыған байланысты әкімдердің орынбасарларынан АӘК төлемдерін бірлесіп қаржыландыруды қамтамасыз ету қажеттігіне ерекше назар аударуды сұраймын», – деп атап өтті ол.

Сондай-ақ министр биыл Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында қойылған міндеттерді орындау үшін «Әлеуметтік әмиянды» пилоттық түрде енгізу жоспарланғанын хабарлады. Әлеуметтік көмек алушылар әлеуметтік маңызы бар тауарларды немесе қызметтерді сатып алып қана қоймай, алынған қаражатты қолма-қол ақшаға айналдыра алады.

«Пандемия кезеңі әлеуметтік өзара іс-қимылдың қалыптасқан моделін өзгерту қажеттігін көрсетті. Өткен жылы Жұмыспен қамту орталықтарының мамандары мен халықтың тікелей байланысын болдырмау үшін біз электрондық үкімет порталы арқылы АӘК алуға өтініш беруді енгіздік. Биылғы жылы осы тетікті бекітіп, өтініштерді беруді eGov-қа толығымен көшіруді жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ 2020 жылғы 1 қазаннан бастап біз барлық өңірде Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы әлеуметтік топтама ұсыну бойынша пилотты іске қостық. Биыл АӘК туралы заңға тиісті өзгерістер енгізілгеннен кейін Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы мемлекеттік жәрдемақыны қамтамасыз етуге көшу жоспарлануда», – деп түйіндеді Серік Шәпкенов.

Ақпарат көзі: ҚР ЕХӘҚМ баспасөз қызметі

Хабар 24 телеарнасы