Семейлік дәрігер: Мен үшін ең үлкен абырой – халыққа қызмет ету

Семейлік дәрігер Имдат Эфендиевтің шипалы алақаны мыңдаған сәбилердің құлан-таза айығып кетуіне көмектесті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Уақытпен санаспай күндіз-түні адам жанына араша болуды ол өзіне ең зор мәртебе деп санайды. 37 жылға жуық балалар жұқпалы ауруханасында еңбек ететін абзал жанның шәкірттері де еліміздің түкпір-түкпірінде жемісті еңбек етіп жүр. Алғыс айту күні дүниеге келген ақ халаттымен біздің тілшіміз Болат Көкенайұлы да тілдесіп келді.

Болат Көкенайұлы, тілші:

- Жадыра Мұратбекова бір жасқа толмаған сәбиімен осыдан бір ай бұрын ауруханаға түсіп, жансақтау бөлімінен бір-ақ шыққан. Білікті дәрігерлер дер кезінде көмек көрсетіп, науқас балаға дәл диагноз қоймағанда жағдай қалай боларын айту қиын еді.

Жадыра Мұратбекова, науқас баланың анасы:

- Алғаш келген кезде баламның жағдайы өте нашар болды, айтып жеткізе алмаймын сөзбен. Себебі, өзім де қорықтым ол кезде, баламнан айрылып қалам ба деп ойладым. Кафедра меңгерушісі Имдат Мұсаұлы ағаға алғысымды білдіремін. Сол кісінің арқасында баламда ЦНВ вирустық инфекция ауруы бар екенін байқадық. Кейін сол кісінің нұсқауы бойынша ем-дом қабылдап жатырмыз. Аллаға шүкір, қазір балам алғашқы келген кезге қарағанда едәуір жақсарып қалды. Бүгінгі күнді пайдалана отырып, осы аурухана ұжымына үлкен алғысымды білдіргім келеді.

Имдат Мұсаұлы Семей мемлекеттік медицина институтын 1984 жылы тамамдап, содан бері осы жұқпалы аурулар ауруханасында еңбек етіп келеді екен. Кандидаттық диссертациясын да осында жүріп қорғады. Денсаулық сақтау саласының үздігі, көптеген медальдардың иегері болса да, ең үлкен абырой – халыққа қызмет ету деп есептейді.

Имдат Эфендиев, Семей медициналық университеті Балалар жұқпалы аурулар кафедрасының меңгерушісі:

- Бала кезімнен арманым дәрігер болу еді. Мен үшін ең үлкен сыйлық та, марапат та науқас балалардың жазылып кетуі. Олардың ата-анасының қуанышы маған күш-қуат береді.

Бейбітбек Асылбеков, қалалық жұқпалы аурулар ауруханасының бөлім меңгерушісі:

- Бұл кісі үлкен ғалым. Балалар ауруларының көп протоколы осы кісінің басқаруымен жазылып шықты да, сол протоколмен бүгін бүкіл Қазақстан істеп жатыр десек артық емес. Коронавируспен жазда ауырса да, жазылғаннан кейін міне, 3 рет «қызыл» аймаққа ауыр науқастармен жұмыс істеуге өзі кіріп шықты. Сондықтан осындай Алғыс күнінде халықтың атынан, осы аурухана ұжымы атынан алғыс білдіргім келеді.

Былтыр әлемді қауіпті індет жайлап, жұрттан дегбір қашқан уақытта Имдат Мұсаұлы оны емдеудің әдіс-тәсілдерін жасауға ең алғашқылардың бірі болып үлес қосқандардың бірі. Шәкірттері де бүгін де халыққа мінсіз қызмет атқаруда.

Ернат Смаилов, Семей медициналық университеті Балалар жұқпалы аурулар кафедрасының ассистенті:

- Дәрігер болып қалыптасуыма үлкен зор еңбек сіңірген тұлға деп есептеймін. Кез келген тәуліктің уақытында критикалық әртүрлі ситуациялар болып жатады. Сол кездерде шақырып жатамыз, күн демей, түн демей келіп, ақыл-кеңестерін береді. Қазір Павлодар, Семей, елорда өңірлерінде Имдат Мұсаұлының шәкірттері медицина саласында қызмет атқарып жүр.

Имдат Эфендиев, Семей медициналық университеті Балалар жұқпалы аурулар кафедрасының меңгерушісі:

- Мен шын жүректен өз алғысымды қазақ халқына айтамын! Қазақ халқы аман болсын, қазақ елі аман болсын! Елімізде тыныштық, береке-бірлік болсын!

Қазір ғалым дәрігер «Балалар арасындағы коронавирусты емдеу жолдары» атты еңбегін жазып бітіріпті. Ендігі арманы – Семейде жаңа балалар ауруханасы салынып, халыққа бұдан да сапалы қызмет көрсету.

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Медет Өмірханов, Берік Жобалайұлы