Қазақстанда өткен жылы 143 жасөспірім өз-өзіне қол салған

Былтыр 143 жасөспірім өз-өзіне қол салған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сондай-ақ мектеп жасындағы балалардың 12%-і кибербуллингтен зардап шеккен. Енді Мәжіліс бала құқығын қорғауда заңды күшейтпек. Арнайы құрылған жұмыс тобы 6 заң және 3 кодекске өзгерістер мен толықтырлар енгізуді ұсынды. Онда жетім балаларды баспанамен қамту, мүмкіндігі шектеулі бүлдіршіндерді оңалтудан өткізу, мектептерде әлімжеттіктің алдын алу сияқты шаралар қарастырылған. Білім беру мекемелерінде кибербуллингпен күресті күшейтіп, директор мен мұғалімнің жауапкершілігін арттыру көзделіп отыр. Заңнамаларға енгізілетін өзгертулерді талқылауға ата-аналар, педагогтар, психологтар мен құқық қорғаушылар қатысқан.

Елнұр Бейсенбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Әлем бойынша біздің еліміз балалар арасындағы суицидтен алдыңғы қатарлардың бірінде тұр. Сонымен қатар ол суицидтің не үшін жасалып жатқаны да әлі белгісіз, көп жағдайда. Жұмыс тобы жәбірлеуді тек ұғым ретінде енгізуді қарап отыр. Яғни, тек алдын алу шараларын ұйымдастыру, балалар арасындағы профилактикалық жұмысты жүргізу үшін қажет.