Айжан Пайшанова: Көп балалы отбасы – ең бақытты отбасы

Шымкент қаласының 40 жастағы тұрғыны оныншы сәбиін дүниеге әкелді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жаңа туған нәрестеге Алмаз деп ат қойған. Аға-апалары кішкентай бауырын асыға күтіпті. Ақ халаттылардың айтуынша, босану кезінде ешқандай қиындық болмаған. Сол себепті, үйіне де ерте шығарылыпты.

Асланбек Шығыр, тілші:

- Бұл отбасындағы ерекше көңіл-күй есіктен енген бетте-ақ сезіледі. Балалардың былдырлап сөйлегені, күлгені, тіпті жылағанының өзі жылылық сыйлайды. Балалардың үлкені мен ең кішісінің арасы шамамен 20 жас.

Осы үйдің отанасы – Айжан Пайшанова оныншы рет ана атану бақытын сезініп отыр. Балаларына үнемі шуағын шашып, жанұяны жадыратып жүреді. Айжан көп балалы отбасы – ең бақытты отбасы деп бағалайды.

Айжан Пайшанова, көп балалы ана:

- Өзімнің апамда он бала болған. 10 құрсақ көтерген. Соған жетіп алдым ғой енді. Өзімнің шешемде алтау. Үш қызым көмектеседі. Біреуі кір жуысады. Біреуі ыдыс жуады. Біреуі тамақ істейді.

Отағасы Ерлан Тәжіханов осындай көп балалы отбасы болуды армандаған. Балалар да әкесін қатты жақсы көреді. Үнемі олардың әр ісіне қолдау көрсетіп отырады. «Әке-шешеден алған тәрбием қазір балаларыма дұрыс бағыт-бағдар беруге көмектеседі», - дейді көп балалы әке.

Ерлан Тәжіханов, көп балалы әке:

- Құдайдың бергені... Барлық баланың өзінің несібесі бар. Құдайға шүкір. Көп балалы болған жақсы ғой, денсаулық жарап тұрса, тағы туа берсін да.

Көп балалы отбасының дастархан басындағы қызықтары да мол. Құдды бір әскери бөлімшенің сарбаздары секілді. Десе де, әр сәбидің өз несібесі бар. Азық-түліктен тарыққан кездері жоқ.

Бір нанды бөліп жеген балалар әрқашан тату. Бір-бірінің киімдерін де киіп жүре береді. «Әрқайсысында бөлек-бөлек бөлме де жоқ. Бірақ әр қиындық бірге жеңеміз»,- дейді тату бауырлар.

Нұрдәулет Сәдуақас:

- Кішкентай болған кезімде өсірді, аяққа тұрғызды. Еш нәрседен кем қылған жоқ. Анамды да жақсы көрем. 9 ай көтеріп, өмірге әкелгеніне. Алла екеуін өмір жасын ұзақ қылсын. Денсаулығы мықты болсын. Бар тілегім сол.

Балауса Сәдуақас:

- Мамам кішкентай кезімнен тәрбие берді, өсірді, тәрбие берді. Әкем мені бағып қақты, сол үшін мен жақсы көрем.

Бақытты отбасы үшін ең бағалысы – бірлік. Бір-бірінің көңілін тауып, барды бөлісе білетін бауырлардың әр күні қуанышқа толы.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Катерина Попкова