Таразда такси жүргізушілері шу шығарды

Автобекет маңынан қалааралық бағытта қатынайтын жүзге жуық жүргізуші жергілікті билік өкілдерінің шектеулерінен шаршаған. Айтуларынша, бекет басшылығы  тарапынан да кедергі келтірушілер көбейген. Жолаушы тасмалдап күн көріп отырған таксистер мәселені бір жақты етіп беруді сұрап отыр.

«Түрлі қысым көрсетеді, бекет маңына машинамызды қойдырмайды» деп арызын айтқан жүргізушілер ақпарат құралдарын жинады. 100-ге жуық жүргізуші талаптарын тыңдатпақ болып наразылыққа шықты.

Олардың айтуынша, автобекет маңына таксилердің тоқтап тұруына тыйым салыныпты. «Тырп етсең айыппұл арқалатады» деп ашынады.

БЛИЦ:

- ГАИ де келеді. Транспортный да келеді. Мына отырған автовокзалдың бастығы біздің сыртымыздан арыз жазып, бізге жұмыс істетпей отыр.

- Бәрі келіп қуалап жатыр. Бұл жерге тұрмаңыздар дейді. Қай жаққа тұрамыз? Онда бізге автовокзалдан орын беріңіздер, осы жерде тұрып жұмыс істейік.

Бүгінгі күнге дейін бірнеше жерге қуып, мезі етті дейді. Тұрақ таппадық деген такси жүргізушілерінің жалпы саны 250. Енді олар атқарушы биліктен арнайы рұқсат қағазын талап етіп отыр. Әкімдік тарапы такси тасымалымен нанын тауып жүргендердің мәселелесі назардан тыс қалмайды дейді. Бірақ шешу жолын нақты көрсетпеді.

Нұрлан Мақашев, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары:

- Мұны біз құзырлы органдармен кеңестік. Осы кісілердің жазып берген ұсыныстары бар, соны талқылап, жауабын береміз. 

Ал автобекет қожайыны болса жүргізушілердің құжаттары дұрыс емес деп отыр. Көбісі көрші қырғыз бен армян көліктері болғандықтан бекет әкімшілігің талабына сай еместігін алға тартты. 

Марат Аймағанбетов, автобекет директоры:

- 4 жыл бұрын 20-30 көлік тек кешкісін ғана келіп жұмыс істейтін. Сырттан келген көліктер бар, олар да жұмыс сұрап келеді. Егер барлық құжаттары дұрыс болса, кешкі 6-дан кейін жүрсін. Бәрі заң аясында болады, салық төлейміз.

Бұл мәселе бірнеше жылдан бері шешімін таппай келеді. Жамбыл облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметінше, мән-жайды қалалық және көлік прокуратурасы назарға алып, қазір зерделеу жұмыстары жүріп жатқан көрінеді. Алайда түйткілдің түйіні нақты қашан шешілері белгісіз.

Авторлар: Руслан Бақытбекұлы, Руслан Ахатіллә

Сондай-ақ...