Оралдықтар қала маңындағы ағаштың оталып жатқанына наразылық танытты

Жайық өзенінің жанында мыңнан аса ағаш жайрап жатыр. Тал-теректер жағалауды бекіту мақсатында кесілген көрінеді. Қала маңындағы жасыл желектің оталып жатқанына Орал тұрғындары наразылық танытты.

Өзен жағалауында жалпы саны мыңнан аса ағаш кесіліпті. Бекіту жұмыстары күн жылынған кезде басталады екен. Арнайы тіреуіштер орнатып, жардың құлама беткейіне бетон төселеді дейді жобаны жүзеге асырушылар. 

Нұржан Баяхатов, мердігер компанияның инженері:

- Кескенде бізге топырақ салуға бәріне қабаттасып жұмыс жастапай тұрған соң кестік қой. Ол жоба мемлекттік экспертизадан өтті, барлығы бар. Қоғамдық тыңдаулар да өткізген олардың қағаздары бар. Келіп кетеді кісілер, фотоға түсіреді, видеоға түсіреді. Бірақ сол халық үшін жасалып жатырған зат бұл деген. Бұл жерде жаға деген теректің арқасында тұр ғой, бірақ терек оны ұстай алмайды, құлайды, үйтеді-бүйтеді.

Мердігерлердің айтуынша, кейін бұл жерге қайтадан 700-дей ағаш егу көзделіп отыр. Дегенмен, кесілген әрбір тал-терек онсыз да арнасы құрғап бара жатқан Жайық өзенінің экожүйесіне жойқын соққы. Табиғат жанашырлары осылай деді.

Злата Удовиченко, аймақтық экологиялық қозғалыс мүшесі:

- Жобаны жүзеге асыру жайы қоғамда мүлде талқыланған емес. Экологиялық ұйымдар да, қала тұрғындары да бұл жөнінде ештеңе білмейді.  Жайық өзені тым тартылып кетуіне байланысты жағалауды су шайып кетеді дегенмен келіспейміз. Сондықтан бұл жерде осындай жұмыстар жүргізу артық. Ал оталған орман қалай қалпына келеді, ол жағын ойлап жатқан ешкім жоқ. 

Аталған жоба бұдан бірнеше жыл бұрын жасақталып, екі жыл бұрын бекітілді.

«Ал жағалаудағы теректер ешқандай орман қорының есебінде жоқ. Оны кеспесе жобаны жүзеге асыру мүмкін емес», - дейді тапсырыс беруші мемлекеттік орган өкілдері.  

Марат Машекенов, облыстық табиғи ресурустар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы:

- Негізі Жайық қатты жақсы тасыған жылдары жағалауды мүжіп сол жерде тұрған үй құрылыстарына зиян келтіреді бара-бара. Кейбір кісілер соңғы 3 жылда су болмаған соң не керегі бар деген әңгіме айтады. Бірақ ол керек. Экспертизадан өтіп, құзыретті орындармен келісім алынған. Су келмей тұрмайды, 2023 жылдан бастап көп жылдық су цикл қайтып келеді деген болжам бар. Су өте көп мөлшерде көтерілсе  жағалауды мүжи береді. Бұл еріккеннің ісі емес, онсыз болмайды. 

Жобаға сәйкес жағалаудағы 700 метрдей жерді бетонмен қаптау көзделіп отыр. Кейін арнайы қоршау орнатылып, жаяу адамдар жүретін жол салынады екен. Құрылыс жұмыстары келер жылы аяқталады. Қазір дәл осындай жағалауды бекіту жұмыстары Чапаев пен Жарсуат ауылдарында да жүргізіліп жатыр. Ал табиғат жанашырлары «жобаны жүзеге асыру заңды ма» деген сауалға жауап алу үшін құзырлы органдарға хабарласпақ ниетте.

Талғат Серікқалиұлы, Болат Жарылғасов, Қанат Махмұтов

Сондай-ақ...