Ж.Дайрабаев: Жерді жалға алғандардың ашық тізімі болуы керек

Енді ауыл тұрғындарының төрт-түлігі шаруашылықтарға тиесілі аумақтарда жайылады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жер реформасы жөніндегі комиссияның алғашқы отырысында жайылым мәселесі де көтеріліп, тиісті шешімін тапты. Шаруашылыққа тиесілі болса да, бос жатқан алқап жергілікті өзін өзі басқару органдарының шешімімен қайта бөлінеді. Ол үшін арнайы «Жайылымдар туралы» заң әзірленді.

Жер реформасы жөніндегі комиссияның бірінші отырысы Президенттің жерді жалға беруге қатысты соңғы тапсырмасын еске салудан басталды.

Ералы Тоғжанов, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

- Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бесінші отырысында Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктерге және шетелдік компанияларға, азаматтығы жоқ адамдарға, халықаралық қатысы бар ғылыми орталықтарға, қандастарға беруге толықтай тыйым салу туралы шешімін жариялады. Бұл бойынша заң жобасы 12 наурызда Парламентке енгізілді.

«Жер тек өз еліміздің азаматтарына жалға берілуі» керек. Қазақстан фермерлері қауымдастығының төрағасының алқалы жиында айтқан алғашқы ұсынысы осы болды. Сондай-ақ Жигули Дайрабаев «жерді жалға алғандардың ашық тізімі болу керек. Ал ауыл шаруашылығы жерлерінің салығын ауыл бюджетіне тікелей түсетін қылу қажет» деген пікір білдірді. Осыған байланысты ол жер реформалары аясында Салық кодексіне тиісті өзгерістер енгізуді ұсынды.

Жигули Дайрабаев, Қазақстан фермерлері қауымдастығының төрағасы:

- «Жер шетелдіктерге берілмесін» деп жүргенде қазіргі жер пайдаланушылардың Қазақстан резиденттігінен шығып, шетел азаматтығын алып жатқанын байқамай қалдық. Өкінішке қарай мұндай фактілер бар. Жақын арада тиісті материалдарды ұсынамыз. Шетел азаматтығын алып жатқандар қолдағы мыңдаған гектар жер телімін банкке кепілге қойып, қыруар ақша алып, кейін шетелге қашып кетпеуіне кім кепіл? Сондықтан тиісті механизмдерді қарастырған жөн.

Соңғы төрт жылда елімізде шамамен 15,5 миллион гектар пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлері анықталды. Оның 5,5 миллиондай гектары, ауыл шаруашылығы мақсатына қайта тартылып, 5,6 миллион гектары, мемлекеттің меншігіне қайтарылды. Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровтың айтуынша, бос жатқан жерлер биыл 1 қаңтарда басталған жерге ғарыштан мониторинг жүргізудің нәтижесінде анықталған. Сонымен қатар банкте кепілдікте тұрған жерлерді мемлекет меншігіне алу мәселесі сөз болды.

Мұхтар Тайжан, қоғам қайраткері:

- Миллиондаған жер банктерде кепілдікте тұр. Әсіресе, шетелдік банктерде кепілдіктерде тұр. Бұл – үлкен проблема. Менің ұсынысым – Мемлекет, Үкімет біржақты келісімшарттарды бұзып, сол жерлерді мемлекет меншігіне қайтару керек.

Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы жерлерін конкурс арқылы беру тәртібі өзгертілді. Ең алдымен оның құрамына қоғамдық кеңестер мен бірлестік өкілдері кіреді. Кемінде 50%-і солардың үлесінде болады. Бұл қадам конкурстың әділ өтіп, ашықтығын қамтамасыз етеді.

Сапархан Омаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

- Бұл жоспарлар халықтың мал жаюын қамтамасыз ету үшін ұйымдастырылмаған шаруашылықтардың қайта бөлуге бағытталған. Жайылымдарды беру мен пайдалануға байланысты іс-шараларды жүргізу кезінде жариялылықты қамтамасыз ету үшін жайылымдарды басқару мен оларды пайдалану жоспарын әзірлеуге жергілікті өзін өзі басқару органдарын қатыстыру заңнама жүзінде көзделді.

Бүгінгі жиында барлығы 60-қа жуық ұсыныс айтылды. Кездесу соңында жер реформасы жөніндегі комиссияның отырысын аптасына бір рет өткізіп тұру ұсынылды.

Авторлары: Ғазиза Мұхамеджанова, Ержан Рахманбердиев