БҚО-да көктем келісімен көлшіктердің барлығы суға толды

Еріген қар суы қарапайым тұрғындарға келеңсіздік тудырғанымен, мал баққан шаруалар үшін тиімді.

Әсіресе, елдің батысында тіршілік нәрінен таршылық көріп жүрген фермерлер бір марқайып қалды. Батыс Қазақстан облысында соңғы жылдары өзен-көлдердің деңгейі күрт төмендеп, жауын-шашын да азайып кетті. Салдарынан шөп шығымы нашарлап, мал азығын дайындау қиямет-қайымға айналды. Былтыр Қазталов ауданында тоғандарды тазалау мақсатында жергілікті бюджеттен 34 млн теңге бөлінген. Жылдың соңына дейін 12 гидронысан қалыпқа келтірілді. Нәтижесінде көктем келісімен көлшіктердің барлығы суға толды. Шаруалар тоғандардағы су қоры біразға жететінін айтады.

Қуаныш Ермеков, шаруа:

- Осы екі бағыттағы ауылдың шетіндегі бөгеттер қазылды. Бірінші Кіші Қараоба жақ бетіндегі үлкен бөгетіміз және Жұматай бағытындағы бөгетіміз қазылған болатын. Нәтижесінде осы биыл бөгетімізге жақсы су түсіп, қуанышымыз шексіз. Биыл судың көлемі жылдағыдан едәуір жоғары.

Рүстем Зұлқашев, Қазталов ауданы әкімінің орынбасары:

- Облысымыздың үш ауданына арнайы техникалар бөлінді. Соның ішінде біздің ауданға да бір эксковатор, бір бульдозер бөлінді. Міне, осы техникаларды пайдаланып, кубиктерімізді аршитын мүмкіншіліктер пайда болды. Бұл өз кезегінде малдарымызды ұстауға өзінің оң әсерін тигізеді деп күтіп отырмыз.