Аутизмге шалдыққандарға психологиялық-педагогикалық көмек көрсетіледі

Бүгін Дүниежүзілік аутизм мәселесі туралы ақпарат тарату күні, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазақстанда соңғы 13 жылда аутизммен ауыратын ұлдар мен қыздар саны 20 есеге өскен. Ресми мәліметтер бойынша, 2008 жылы мұндай 37 бала болса, қазір сегіз жүзге жуық. Мамандар бұл өсімді скринингтің жаңа әдістерін енгізумен байланыстырады. Сонымен қатар қазір елімізде 202 психологиялық-педагогикалық кабинет жұмыс істейді. Олар Қазақстанның барлық дерлік аймағында бар. Ата-аналар мұндай орындардың көмегімен ерекше қажеттіліктері бар балаларды оқыту бойынша түрлі ұсыныстар алатын болады. Сонымен қатар елімізде аутизм дертіне шалдыққан балаларға арнап түрлі Оңалту орталықтары да ашылды. Алайда бұл да жеткіліксіз дейді сарапшылар. Ендігі жерде барлық облыс орталықтарына қажеттілікке сәйкес балабақшалар мен мектептерде психологиялық-педагогикалық жағдайларды дамыту міндеті қойылып отыр.

Айгерім Күдеринова, ҚР БҒМ инклюзивті және арнайы білім беру орталығының директоры:

– Соңғы уақытта аутизм спектрінің бұзылуы бар балалардың саны өсуде. Қазір біз ДСМ-дегі әріптестерімізбен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп, ақпарат таратамыз . 2020 жылдан бастап барлық мектепте білім беру қажеттіліктері бойынша, оның ішінде аутизмі бар балаларға оқу процесіне көмектесетін педагог-ассистент лауазымы енгізілді.