ШҚО-ға коронавирусқа қарсы вакцинаның тағы 8000 дозасы жеткізілді

Шығыс Қазақстанға коронавирус инфекциясына қарсы вакцинаның тағы 8 мың дозасы жеткізілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Айта кету керек, өңірде 9500-ге жуық адам СOVID-19-ға қарсы екпе алды. Олардың басым бөлігі, яғни, 7 мыңнан астамы медициналық мамандар болса, мыңға жуығы күштік құрылым өкілдері. Енді мұғалімдер де белсенділік таныта бастады. Әсіресе, созылмалы ауруы бар азаматтар арасында екпе салдыруға ниет білдіргендер көп.

Эльмира Ахметова, тілші:

- Мария Походяева – техникалық университеттің бухгалтері. Екпе салдыру туралы хабарламаны естіген кезде алашқылардың бірі болып келісімін берген. Өйткені өзін де отбасын да қауіпті инфекциядан сақтаудың жалғыз жолы осы деп есептейді.

Мария Походяева, университет бухгалтері:

- Біріншіден, менің зейнет жасындағы анам бар. Сондықтан оның денсаулығына қатты алаңдаймын.Өзім үлкен ұжымда жұмыс істегендіктен, кез келген уақытта індет жұқтырып алуым мүмкін ғой.

Жалпы бұл оқу орнында мыңға жуық қызметкер бар. «Оқу процесі қалыпты жағдайда жалғасу үшін вакциналауға қатысудың маңызы зор», - дейді мұндағылар.

Михаил Дудкин, университет профессоры:

- Кері әсері аса байқалмады. Тіпті екі ойлы болып күдіктенудің де керегі жоқ. Біз биыл ғылыми жобаларды іске асыру үшін шет елге шығуымыз мүмкін. Сол үшін де екпе салдырғаным дұрыс болды деп ойламын.

Дәрігерлер «екпеден қорқудың қажеті жоқ» дейді. Өйткені көпшілігі вакцина салдырып көрген. Екінші дозасын алғандар да өздерін жақсы сезініп жүр.

Татьяна Хомич, екпе кабинетінің аға медбикесі:

- Мен бүгін екінші вакцинаны салдырдым. Өзім медицина саласында істесем де, талап бәріне ортақ. Сондықтан барлық қажетті тексерістерден өттім және екпе салдырған соң қандай қауіпсіздік шараларын ескеру керектігі маған да айтылды.

Әзірге екпенің кері әсері байқалған жағдай тіркелмеді. Енді бұл науқан бұдан да белсендірек жүруі мүмкін. Себебі вакцинаның жаңа партиясы әкелінді.

Ермек Омарбеков, ШҚО Денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

- Осы жақында вакцинаның 8 мың дозасын алдық. Олар енді Семей мен Өскеменнің медициналық мекемелеріне жіберілетін болады. Сондай ақ шалғай аудандарды да қамтимыз. Тасымал кезінде барлық қажетті талаптар сақталады. Облыста вакциналау әлі де жалғасып жатыр. Ең алдымен екпе қоғамдық орында көп жүретін азаматтарға салынады.

Сонымен қатар өлкеде түрлі созылмалы ауруға шалдыққандар да вакцина ала бастады. Жалпы қазір сондай 237 адам екпе салдыртқан.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов

Сондай-ақ...