СҚО-да 79 елді мекен су астында қалуы мүмкін

Көктемгі су тасқыны зардабын Солтүстік Қазақстан жұрты жақсы біледі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір облыста төтенше жағдайдың алдын алу жұмыстары қыза түсті. Өңірде бөгеттер мен дамбалар күшейтіліп жатыр. Апат айтып келмейді. Қар күрт ерісе, 79 елді мекен су астында қалуы мүмкін.

Александр Поляков қала іргесіндегі Заречный ауданында тұрады. 2017 жылы Есіл өзені тасып, топан су баспанасын басып қалған. Содан бері ол көктем келсе, сары уайымға салынады.  

Александр Поляков, қала тұрғыны:

– Биыл қар көп. Күрт ерісе, Есіл арнасынан асады. Ең бастысы 2017 жылғы жағдай қайталанбаса дейміз. 150-ге жуық малым бар. Қазір оларды қауіпсіз жерге көшірудің қамын ойластырып жатырмын.

Осыдан екі жыл бұрын мұнда жалпы ұзындығы мың жарым, ал биіктігі екі жарым метр болатын бөгет салынған-ды. Биыл тасқынға тосқын болу үшін өзеннің осы бір қауіпті учаскелері қайтадан нығайтылып жатыр.

Бүгінде Петропавлдағы Ойқала, Былғары зауыты және Заречный аудандары құтқарушылардың жіті назарында. Мұнда саяжайларды есепке алмағанда шашамен 250-ге жуық тұрғын үй бар.

Бұл – Заречный ауданындағы түзету мекемесі. Жылда колонияға апаратын жолды су шайып, байланыс түбегейлі үзіледі. Сондықтан мұндағылар да қамданған қапы қалмайды деп дайындықты ерте бастады.

Александр Кочкин, ҚАЖД бастығының орынбасары:

– Сәуір айының соңында жылда су көтеріледі. Ол 20-25 күн бойы тұрады. Сондықтан біз екі айға қажетті азық-түлік пен медициналық препараттар қорын дайындап қойдық. Түзету мекемесіне әкелетін жолдар жабылып қалуы ықтимал. Ал мұнда істейтіндерге арнайы техника бөлінеді.

Төтенше жағдайлар қызметінің мамандарының айтуы бойынша облыста 79 елді мекенді су басып қалуы мүмкін. Осыған байланысты өңірде 230-дан астам эвакуациялық бекет дайындалып жатыр.

Мұрат Қанғожинов, облыстық ТЖД басшысының орынбасары:

– Сергеев су қоймасындағы жағдай әзірге бірқалыпты. Әлі ернеуіне дейін 98 сантиметр бар. Ал былтыр бұл кезде керісінше болған. Сондықтан тасқынға тосқын жасау үшін барымызды салып жатырмыз.

Жалпы, облыста су тасқынына деп арнайы резерв бекітілді. Оған жергілікті бюджеттен 800 миллион теңгеден астам қаржы бөлінді. 

Самат Қайырденұлы, Руслан Әлиев