Ақмола облысындағы Макинск қаласында үш бірдей мүлік иелері бірлестігі құрылды

Ақмола облысында алғашқылардың бірі болып Макинск қаласында үш бірдей мүлік иелері бірлестігі құрылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Енді олар жақында ғана елдің тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы саласында қолға алынған жаңа жүйемен жұмыс істейді. Яғни әр үйдің өзіне ғана қызмет көрсететін дербес ұйымы болады.

Айта кетейік, келесі жылы Қазақстанда пәтер иелері кооперативтері толығымен жойылады.

Макинск қаласындағы бұл үйлерде бұрын мүлік иелерінің бірлестігі тұрмақ, қарапайым кооперативтер де болмаған екен. Яғни баспаналар жылдар бойы күтімсіз қалған. Оған қоса, ескі баспаналар орталық жылу желісіне де қосылмаған. Яғни көппәтерлі үйлердің тұрғындары қалада тұрса да, әлі күнге дейін пеш жағады.

Әміржан Әсенов, Макинск қаласының тұрғыны:

– Көмірмен, ағашпен от жағамыз. Міне, бәлен жыл. Міне, зейнеткерлер бар осында. Қазақстан тәуелсіздік алғалы 30 жыл боп қалды ғой. Содан бері міне, пеш жағып жатырмыз. Оңай емес. Мынадай көпқабатты үйде болмайды ғой.

Ал жергілікті билік өкілдері бұл үйлерге алдағы уақытта жылу тартылады дейді. Алайда құбыр ғимаратқа дейін ғана жеткізілмек. Ары қарай тұрғындардың өздері пәтерлеріне кіргізіп алуы тиіс. Халық бұған келісіп отыр. Айтуларынша, жаңа ұйым осындай жұмыстарды бірігіп атқару үшін де құрылды.

Бибігүл Тоқыбаева, Макинск қаласының тұрғыны:

– Бізде басында су да болған жоқ. Оны әр пәтерден ақша жинап, бірігіп тартып алдық. Енді жылу тартатын болса, жертөлені тазалап, ретке келтіру керек. Міне, соған осы ұйым, осындай ортақ есепшот қажет болады.

Жаңадан құрылған мүлік иелері бірлестігінің қазір барлық дерлік құжаттары дайын тұр дейді ұйым төрайымы. Банктен арнайы шот та ашылған. Енді ортақ мақсатқа біріккен тұрғындар үйлерінің шатырын жөндеп, сыртын сырлап, аулаға балалар ойын алаңқайын салуға ниетті.

Анастасия Вахтиль, МИБ төрайымы:

– Сол есепшотқа біз өз қаражатымызды салып, оның жұмсалуын өзіміз қадағалаймыз. Мәселен, ай сайын 1 мың теңгеден жинауымыз мүмкін. Айталық, бір үйде 24 пәтер болса, айына 24 мың теңге жиналады. Керек кезде сол қаражатты тұрғындар өзіміз ақылдасып, қандай қажеттілікке жұмсайтынымызды шешеміз. Баспана иелері бұған келісіп отыр.

Ал аудандық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің жетекшісі бұл ұйымның ашылғаны бізге де жақсы болды дейді. Себебі басқарушысы жоқ үйдің проблемасы да көп.  

Кенжегүл Пірімбетова, Бұланды аудандық түкш бөлімінің жетекшісі:

– Жеке үйлердің ішіндегі инженерлік желілерді жөндеу, бұзылып қалған кезде адамдарды шақыртып жөндету деген халық үшін өте қиын болатын. Олар біздің қаладағы «Макинск жылуға» жөндеуге сұраса, олар біз тек сыртына жауап береміз деп, оларға ешқандай көмек көрсетпейтін. Ал қазір құрылған ұйымның арқасында олар жеке келісімшарт жасап, кез келген уақытта жеке тұлғалармен жұмыс істей алады.

Айта кетейік, елімізде пәтер иелері кооперативтерінің былығы көбейген соң оларды жауып, жаңа ұйым құру жөнінде шешім қабылданған болатын. Тың жобаның ескісінен біршама артықшылықтары да бар. Айталық, бұрын ортақ есепшоттағы қаражат, көптеген үйдің қажетіне жұмсалатын болса, енді тұрғындардың ай сайынғы төлемі тек өз үйінің кем-кетігіне кетеді. Ал төраға халықтың өз арасынан таңдалады. 

Дамир Берікұлы, Анатолий Полянный