Ақтөбеде құрылыс компанияларына айыппұл салынды

Тазалыққа салғырт қараған ақтөбелік құрылыс компанияларына шара қолданылып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Екі күнде оннан астам ұйымға жұмыс аумағындағы қоқыс пен техникалардың дөңгелегін жумағаны үшін 400 мың теңге айыппұл салынды. Қоғам белсенділері мен полиция және өзге де мекеме өкілдерінен құралған мобильдік топ қаладағы барлық құрылыс алаңын бақылауды көздеп отыр.

Күн сайын құрылыс алаңындағы тазалықты қадағалайтын мобилдік топ кезекті нысандағы кемшілікті бірден байқады. Жұмысқа жұмылдырылған техникалардың дөңгелегін жуатын орын тиісті талапқа сай болмай шықты. Ал қасында су толтырылған бөшке мен жоғары қысыммен жуатын құрылғы мүлде көрінбеді.

Құрылыс компаниясы басшыларына жасалған ескертуден кейін топ мүшелерінің назар аударған жері лезде ережеге сай жабдықталды. Алайда мұндай әрекет тазалыққа жауаптыларды жазадан құтқармады. Себебі құрылыс алаңынан жалпыға ортақ жолға дейінгі шалшық су мен батпақты учаскеге қиыршық тас төселмеген. Аумақтың айналасы да тексерушілердің көңілінен шықпады. Нәтижесінде, бұл компанияға 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды.

Бижан Қалмағамбетов, мобильдік топ мүшесі:

– Құрылыс алаңынан шыққан балшықтарды көшеге алып шығады. Сондықтан біз құрылыс объектілерін тексеру барысында көптеген келеңсіз жақтарды анықтап отырмыз. Яғни көлік жуу, эстакадалар жоқ. Сосын санитарлық нормативке байланысты құрылыс жүріп жатқан алаңнан бес метр қашықтыққа дейін қоқыстардың барлығына сол құрылыс жүргізіп жатқан мекемелер жауапты.

Мобильдік топ мүшелері болған келесі нысанға да айыппұл салынды. Көпқабатты ғимараттың құрылысын жүргізіп жатқан компания шашылған қоқысты уақтылы жинағанымен, қажетті техникалардың дөңгелегін жуатын орын көрінбеді. Дәл осындай кемшілік рейд басталған бір апта ішінде 14 ұйымнан анықталған. Оның басым бөлігі әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 400 мың теңгеге жуық айыппұл салынды.

Әнуарбек Мырзатайұлы, тілші:

– Көпқабатты тұрғын үйлер мен түрлі дәрежедегі нысандарды тұрғызу алаңдарындағы тазалықты бақылау Ақтөбедегі құрылысы қарқын алған «Батыс-2» шағын ауданынан басталды. Қазірдің өзінде бұл аумақта 30дан астам компания жұмыс жүргізіп жатыр. Олардың ісі бұған дейін құзырлы орган өкілдерінен басқа, қоғам белсенділерінің назарында болған емес. Сондықтан санитарлық тазалыққа орай жарияланған екі айлықтың аясында оларды тәртіпке келтіруге баса көңіл бөлінеді.

Қазір облыс орталығын қоқыстан тазарту қарқынды жүріп жатыр. Бұған арнайы мекемелерден өзге, тұрғындар да тартылды. Ал іске салғырт қарағандарға шара қолдану қарастырылған.

Нұрлыбек Сүйінов, ЖПҚ ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы:

– Осы ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында жалпы 2200-ден артық адамдар әкімшілік жауапкершілік тартылды. ҚР-ның әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 505-бабы бойынша және де осы бағытта жұмыстар жалғасады.

Екі айлықтың қортындысы маусымда белгілі болмақ. Оған дейін абаттандыру ісін де қоса атқару көзделіп отыр.

Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев