429,33 519.25 5.73
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Жітіқара қаласының тұрғындары сапасыз су ішіп отыр

  • 109
  • UPD: 22:27, 16.04.2021

Қостанай облысының тұрғындары денсаулыққа зиянды су ішіп отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тіршілік нәрінің құрамында ауыр металдар бар.

Жітіқара қаласының ескі бөлігінде орталықтандырылған су құбырының жоқтығынан жергілікті халық суды ұңғымалар мен құдықтардан алып тұтынады екен. Бірақ сапасы сын көтермейді.

Маусымжан Мыңжасарова ауызсуды осы құдықтан алады. Бірақ түсі сарғыш, дәмі темір татиды. Қанша ағызса да, сол күйде қалады.

Маусымжан Мыңжасарова, Жітіқара қаласының тұрғыны:

- Шелекке, қазандарға жинап аламыз да тындырамыз. Тынғаннан кейін құйып аламыз. Сосын ішуге қайнатпасаң болмайды. Ішің ауырады. Кір жууға жылытып, кір жуамыз. Бірақ кіріміз дұрыс ашылмайды.

Бақша өнім бермегелі қай заман. Еккен қияр-қызанағы судан күйіп кетеді. Ал Лариса Бочарова амалсыздан тіршілік нәрін көршісінен сатып алады. Ол сорғыға арнайы сүзгіш орнатқан. «Сондықтан суы ішуге жарамды», - дейді.

Лариса Бочарова, Жітіқара қаласының тұрғыны:

- Күйеуім, екі балам бар. Бәріміз күніне 15 литрдей су тұтынамыз. Содан тамақ пісіремін, кір жуамын. Он жылдан асты күніміз осылай өтеді.

Данияр Сұлтанұлы, тілші:

- Әр адам 50 жасқа дейін 45 мың тонна су тұтынады екен. Сумен қоса ағзаға пайдалы заттар да, зиянды қоспалар да түседі. Соның ішінде екі шелек хлор және осындай алюминий ас қасығы, сумен қоса осындай пішіндегі шегені жұтып қояды екен.

Жітіқараның шығыс бөлігі жер үйлерден тұрады. Төрт мыңдай тұрғын қоныстанған. Мұнда су құбыры ешқашан болмаған. Құдық пен ұңғымалар ғана бар. Көпшілік су сапасының төмендігін жақын маңдағы техногенді шоғырмен байланыстарды.

Валентина Илотовская, Жітіқара қаласының тұрғыны:

- Көмбенің беті жел, сумен шайыла бастады. Улы заттар жерасты суымен ескі бізге қарай ағып жатыр. Зиянды заттар көмілген жерді зарарсыздандырмаса, жағдай күрделене түсетін сияқты.

Қаланың шығыс бөлігіне жақын бұл маңда бұрын алтын өндірілген. Бағалы металл өндірісінде сынап, мышьяк сияқты улы элементтер қолданылды. Кейін шахталар жабылып, өндіріс қалдықтары құм сазбен көмілген. Бірақ уақыт сайын қорғаныс қабаты су мен желдің әсерінен бұзыла бастапты. Техногенді шоғырдың көзін жою қажет деп тұрғындар айта-айта әбден жалыққан. Араға бес жыл өтті. Әлі күнге ешқандай нәтиже жоқ.

Абай Ыбыраев, Жітіқара ауданының әкімі:

- Жасыратыны жоқ экологиялық проблема бар. Осы мәселені жан-жақты зерттеу үшін облыстық деңгейде шаралар қабылданады. Кен орны бойынша қандай жұмыстар атқарылуы керек. Әуелі соны тиянақтап алу маңызды. Мүмкін көміп тастаймыз ба, әлде заманауи әдістерді қолдана отырып көзін жоямыз ба? Осы бағытта жұмыстарды белгілеп алу қажет.

Экологтар үш ай сайын құдықтардағы су сапасын тексереді. Бұл жолы тіршілік нәрінде ауыр металдар мен химиялық заттардың мөлшері басым болған.

Светлана Арсентьева, Экология департаментінің бөлім басшысы:

- Магний, хлорид, сульфаттың көлемі жоғары екендігі анықталды. Бұл енді жер асты су құрамында минералды заттардың көптігінен. Темір, марганец сияқты ауыр металдардың мөлшері де тым артық. Оны қазба байлықтардың жердің жоғары қабатына жақын орналасуынан деп түсіну керек.

Көмілген өндірістік қалдықтардың көзі қашан жойылары белгісіз. Оған қаржы мәселесі қолбайлау болып отыр. Әзірге ауыз су жергілікті тұрғындарға автоцистернамен жеткізіліп тұратын болады деп сендірді шенеуніктер. Ал жазда сутаратқыш салынады.

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров

Хабар 24 телеарнасы