426,05 517.06 5.77
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

«Қытайлық вакцина қазақстандық деп ұсынылады»: желіде фейк тарады

  • 136
  • UPD: 14:51, 24.04.2021
«Қытайлық вакцина қазақстандық деп ұсынылады»: желіде фейк тарады фото: regnum.ru

Telegram-чаттарда COVID-19-ға қарсы қытайлық Sinovac вакцинасы қазақстандық әзірлеме ретінде ұсынылатыны туралы теория талқыланып жатыр.

Мессенджер қолданушыларының сөзінше, препаратты елімізге Қытайдан әкеліп, оның жапсырмаларын ауыстырады екен. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі бұл тұжырымдарды жоққа шығарды, - деп хабарлайды Stopfake.kz.

«Теория теледидарда шыққан жаңалықтардың бірінде қазақстандық вакцина QazVac және QazСovid-in деп екі түрлі аталуына негізделген. Шын мәнінде, екеуі бір препарат. Бастапқыда оны QazСovid-in деп атаған, бірақ кейін QazVac деп өзгерткен. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрлігінің сайтында айтылды», - дейді басылым өкілдері.

QazVac вакцинасы белсенді емес вирус платформасында жасалған. Бұл технология бұрыннан белгілі және тұмау, оба, тырысқақ, полиомиелит, дифтерия және басқа да қауіпті ауруларға қарсы вакциналарды әзірлеуде қолданылады.

Қазір отандық препарат клиникалық сынақтардың соңғы, үшінші кезеңінен өтіп жатыр. Оған үш мыңнан аса ерікті қатысты. Аралық сынақ оң нәтиже берді. Қазақстандық вакцинамен егілген еріктілерде антиденелер титрі өсті, бірінші вакцинациядан кейін 16-дан 128-ге дейін (СГТ=32.0), екінші вакцинациядан кейін 128-ден 2048-ге дейін (СГТ=618.5).

Басылым мәліметінше, қытайлық вакцинаны қазақстандық әзірлеме деп ұсыну мүмкін емес, өйткені Sinovac препараты әлі елге жеткізілмеді.

«Елімізде Sinovac вакцинасы әлі жоқ, бірде-бір жеткізілім жүзеге асырылмады. Тиісінше, қазақстандықтар онымен егілмейді. Қазіргі кезде Қазақстанда «Спутник-V» вакцинасы қолданылып жатыр. 26 сәуірден бастап отандық QazVac препаратымен вакцинациялау басталады», - деп хабарлады ҚР Денсаулық сақтау министрлігі өкілдері.

«Демек, Қытайда өндірілген препарат отандық вакцина деп ұсынылатыны туралы тұжырымдар жалған. Елімізде қытайлық Sinovac препараты жоқ, ал отандық вакцинаның әзірленуі мен клиникалық сынақтары туралы соңғы мәліметтер ҚР Білім және ғылым министрлігінің сайтында үнемі жарияланып тұрады», - делінген Stopfake.kz сайтында.

Хабар 24 телеарнасы