Атырау облысы Қызылқоға ауданындағы мектеп мен мәдениет үйінің құрылысы бітер емес

Мұқыр ауылдық округінде 3-4 жылдан бері білім мен мәдениет ошағының жұмысы бітпей тұр.

Бұл олқылық оқушылар мен өнерпаздарды әбден әбігерге салған.

Асланбек Шығыр, тілші:

– Мұқыр ауылындағы 2017 жылы басталған мәдениет үйінің құрылысы әлі аяқталған жоқ. Мердігер мекеменің жауапсыздығы соншалық, мұнда қазір кәнігі құрылысшылар емес, ауыл адамдары жұмыс істеп жүр. Қаланған қабырғасының өзінен қарайған қателік көресіз. Құрылысы әлі аяқталмаған ғимараттың сапасы сын көтермейді.

Қазынадан бөлінген 301 миллион теңгеге 4 жыл бұрын басталған құрылыстың қазіргі күйі адам шошырлықтай. Қабырғаның өзі құлауға шақ тұр. Бұл ғимарат 2018 жылдың күзінде тапсырылуы керек еді. Алайда мердігер мекеменің салғырттығынан созбалаңға салынған. Құрылыстағы қателіктерді ауыл басшылары да біліп отыр.

Мереке Есқалиев, Мұқыр ауылдық округінің әкімі:

– Бұл құрылыс сапасыз. Сапасыздығы жөнінде де хат бергенбіз. Бірнеше жылдан бері тұралап қалған құрылыс. Қазіргі уақытта да құрылыс сапасыз жүруде. Мердігер компанияның өзінің өкілдері бұл жерде көп болмайды. Биылғы жылы күз айына дейін құрылыс жұмыстарын аяқтаймыз деуде. Бірақ нақты жауап деп ойламаймын.

Мердігер мекеменің жауапсыздығы енді ауыл өнерпаздарын титықтатып біткен. 15 жылдан бері ауылдық мектептің аядай бөлмесін жалға алып отырған мәдениет қызметкерлерінің дайындық жүргізуге мүлде мүмкіндігі жоқ.

Асқар Есенғали, Мұқыр ауылдық клубының директоры:

– 15 жылдан бері қарай отырған бөлмеміз осы жерде. Ешқандай мүмкіндік жоқ. Тек қана отырамыз. Залда оқушылар келіп жатқанда, мектептің басқа шаралары өтіп жатқанда осында отырамыз. Дегенмен 15 жыл бойы осы жерде отырып, халыққа мәдени қызмет көрсетіп отырмыз.

Ауылдағы сақалды құрылыстың тағы бірі – 424 орындық білім ошағы. Құны 1 жарым миллиардқа жуықтайды. Құрылысы былтыр аяқталуға тиіс еді. Жауаптылардың сөзіне сенсек, бұл олқылыққа пандемия әсер етіпті.

Марат Қапан, құрылысшы:

– Пандемия кезінде рұқсат етілмей қалды. Бір айдың үстінде жұмысқа қосылған жоқпыз. Атыраудан келетін барлық техникалар тоқтап қалды. Ал биыл ондай қиындық болған жоқ. Былтыр бітіру керек еді. Былтыр жаңағы жағдаймен бітіре алмай қалдық. Адам келе алмай қалды.

Құрылысы 1 жылға кешіккен білім ошағы мамыр айының ортасында тапсырылады. Ауыл балалары жаңа оқу жылын жаңа мектептен бастаймыз деп мәз болып жүр.

Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин