Көкшетауда өзге ұлттың жастары қазақ тілін үйреніп жүр

Облыстық ассамблея жанында мемлекеттік тілді насихаттау және дамыту клубы бар. Қазір 20 студент осы клубқа мүше болыпты.

Оқытушылардың айтуынша, тіл үйренуге ынталы жастардың қатары артып келеді.

18 жастағы Милана Тарасова бала кезінен мемлекеттік тілді жетік меңгерді. Қазақ тілі мен әдебиетінен түрлі байқауларда топ жарған ол, бар білгенін өзгелерге үйретіп жүр. Университетте филология мамандығы бойынша 1-курста оқиды. Қазір емтихан кезі болғандықтан сабақ беруді уақытша тоқтатқан. Қазақтың тілін сүйетін бойжеткеннің ұлтқа деген құрметі шексіз. 

Милана Тарасова, студент:

- Болашақта журналист-диктор болғым келеді. Өзімнің болашағымды да, жеке өмірімде де қазақ тілімен байланыстырғым келеді. Енді кейбір достарым күліп айтса да, қай ұлтқа шығасың дегенде қалжыңдап енді қазақ деп айтамын. Бірақ әр әзілдің шындығы бар дегендей, оны болашақта көре жатамыз.

Милана қазір облыстық ассамблея жанындағы қазақ тілін дамыту орталығының мүшесі. Оның замандасы Владислав Вебер де қазақшаға судай. Ол  жергілікті жоғарғы оқу орындарының бірінде ағылшын және неміс тілдерін меңгеруде. Болашақта балаларға шет тілін үйретпекші. 

«Өзге тілдің бәрін біл» дегенді ұстанатын 19 жастағы жігіт қазақ тілін өз ана тілімен қатар қояды.

Владислав Вебер, студент:

- Негізі университетке түскенде мен ойлағам қазақша оқимын деп, бірақ қазақ отделениесі болған жоқ және мен орыс отделениеге түстім. Осы сәт маған өкінішті. Ойлағам қазақ тілін ары қарай дамытамын деп. Енді жылдың басында білдім қазақ тілі пәні менде болады деп. Соған мен өте қатты қуандым. Менің ең сүйікті мейрамым – ол Наурыз мейрамы.

Облыста түрі басқа болғанмен тілі қазақ, қаны басқа болғанымен жаны қазақ жігерлі де жалынды жастар жетерлік. Ал олардың қазақ тілін жетік меңгеруі, оқудағы озаттығы мен қоғамдағы белсенділігі өзгелерге үлгі-өнеге.

Авторлар: Дамир Берікұлы, Евгений Шинкаренко