Аттракциондардың сапасын кім тексереді?

Оралдықтар аттракциондардың сапасын қатаң қадағалауды талап етіп отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бірер күн бұрын орталық саябақта алаңсыз асыр салған бүлдіршіндер жазым бола жаздаған еді.

Ал ойын-сауық құрылғыларының сапасы жергілікті атқарушы органдар тарапынан мүлдем тексерілмейді екен. Расында қауіпсіздікті кім қадағалайды? Жауапты кім?

Еркебұлан Смадияров, тілші:

- Мұрадым Идрисов жексенбі күні отбасымен бірге орталық саябаққа серуендеуге барған. Кішкентай ұлы мен қызы аттракциондарға мінгізуін өтініпті. Сөйтіп, балаларды «Калейдоскоп» деп аталатын айналмалы құрылғыға отырғызған. Алайда әткеншек сәлден соң кілт тоқтап қалып, бүлдіршіндер темір жақтауға бірнеше рет соғылды. Осы оқиға салдарынан 8 бала түрлі дене жарақатын алды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, қазір балалардың жағдайы жаман емес. Олар үйлерінде амбулаториялық ем алып жатыр.

Бір айналдырса, ұршықша шыр айналдыратын бұл аттракцион осыдан 9 жыл бұрын қойылған. Техникалық талаптар бойынша бұл айтарлықтай ескі емес көрінеді. Оқыс оқиғадан кейін құрылғы жұмысын тоқтатты. Тағы бір ескерерлік жайт, мына жердегі ақпаратқа қарағанда, бұл аттракционға 7 жастан төмен балаларды отырғызуға болмайды. Алайда демалыс күнгі оқыс оқиға кезінде тіпті 5 жастағы баланың да зардап шеккенін білеміз. Бұл тұрғыда кәсіпкер ата-аналардың тиісті құжатты алып жүрмейтінін, сондықтан балалардың жасын анықтау оңайға соқпайтынын айтып ақталды.

Антон Ротштайн, Аттракциондар саябағы директорының орынбасары:

- Техникалар кез келген уақытта сынып қалуы мүмкін ғой. Біз қазір бұл құрылғының қалай істен шыққанын білмей жатырмыз. Зардап шеккен балалар үшін емдік шығынын өтеуге немесе моральдық шығынды төлеуге дайынбыз.

Аттракцион иелеріне қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Бизнес өкілінің айтуынша, ойын-сауық құрылғыларының сапасы мемлекеттік органдар тарапынан мүлде тексерілмеген. Қалалық мәдениет және демалыс саябағының директоры оқиғаға қатысты ақпарат беруден бас тартты. Ол аттракциондар үшін жауапты емес көрінеді.

Техникалық реттеу және метрология комитетінің өкілі аттракциондарға қатысты ұлттық стандартта бекітілген міндеттемелерді тізбектеді.

Жанақын Тығынбаев, Техникалық реттеу және метрология комитеті БҚО Департаменті басшысының міндетін атқарушы:

- Оқыс оқиға болған жағдайда сол аттракционның иесі, әйтпесе, соны пайдаланушы өздері тексерістер жүргізіп, өздері шыққан кемшіліктерді қарайды. Соны жояды. Ал қауіпсіздікті тексеретін жергілікті атқарушы органдар. Стандарт бойынша оларға құқық берілген тексеруге.

Ал қала әкімдігінен күні бойы ешқандай жауап ала алмадық. Саябақтағы өзге аттракциондардың барлығы әлі тексеріссіз жұмысын жалғастырып жатыр. Тұрғындар балалардың денсаулығына алаңдаулы.

Роза Мұхамбет, қала тұрғыны:

- Туризм бөлімі болсын, басқасы болсын, неге олардың өзі мына әткеншекке мініп, қадағаламасқа?! Төлесін ақшасын, қадағаласын. Қалай екен қалтадан ақша шығып, тиісті дәрежеде қызмет көрсетілмеген.

Нұрқия Кенжеғалиев, қала тұрғыны:

- Әрине, енді бақылау керек қой балалар ойнағасын. Енді осы бір ғана баратын жері осы балалардың. Енді балалар қауіпсіз болу керек қой. Қарап келе жатырмыз, анау шіріген ағаштардың басын кесу керек. Ол бір күн болмаса, бір күн құлайды.

Елімізде мұндай оқыс жағдайлар жиілеп барады. Мәселен, бірер жыл бұрын Қарағандыда сапасыз аттракционның кесірінен 2 жастағы сәби көз жұмды. Елордада бүтін бір отбасы биіктен құлап кетті. Шығыс Қазақстан облысында 5 жеткіншек жарақат алды. Өкініштісі, ойын-сауық құрылғыларының сапасы әлі күнге тексерілмей келеді.

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Руслан Ғазезов, Қанат Махмұтов