Жамбыл облысындағы ауылда мыңдаған адамды ажалдан арашалаған құтқарушы тұрады

Жамбыл облысы Бауыржан Момышұлы ауылында мыңдаған адамды ажалдан арашалап қалған құтқарушы тұрады. Бейбіт күннің батыры қазір Жуалы аудандық өрт сөндіру бөлімін басқарады. 

Жуалылық құтқарушылардың қызметі қиын әрі қауіпті. Әсіресе қыс айларында жағдай күрделене түседі. Себебі Жуалы ауданы қысы қытымыр келетін таулы аймақ. Ақтүтек боран соққанда жолдар жабылып, 2-3 метрге дейін қалың қар басып, ауылдармен байланыс үзіледі. Тіпті халықаралық Батыс Еуропа – Батыс Қытай автомагистарлінің өзінде қозғалыс тоқтайды. Бір мезетте жүздеген жолаушы жолда қалатын кездер болады.

Кеңесбек Әбдірайымов төтенше жағдайлар саласында 19 жылдан бері адал қызмет етіп келеді. Осы уақыт аралағында өрт, аяз, апат кезінде мыңдаған жолаушыны құтқарған азамат. Биылдың өзінде әріптестерімен бірге 600 адамды ажалдан арашалап қалған. Оның ішінде жүкті әйелдер, балалар мен қарттар да бар.

Кеңесбек Әбдірайымов, Жуалы аудандық №7 өрт сөндіру бөлімінің басшысы:

- Апаттан құтқару, өрт сөндіру кезінде ол жерде не жанып жатқанын білмейсің. Кез келген жарылыс, басыңызды бәске тігесіз. Өзіңіздің өміріңізді бәске тігіп, басқа адамның өмірін құтқару ғой. Енді сол жағдайда біздің бұл азаматтық борышымыз. 

Өрт сөндіруші өзін батыр санамайды. Күнделікті қызметі Отан алдындағы парызы. Кәсіби шеберлігі мен батылдығы үшін «Мінсіз қызмет», 2-дәрежелі «Құтқарушы» төсбелгі, «Төтенше жағдайлар жүйесіне сіңірген еңбегі үшін» сияқты бірнеше медальдармен марапатталған. Ең бастысы әріптестері алдында абыройлы. Білікті маман, жақсы жолдас.

Серік Әлишеров, Жуалы аудандық №7 өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі:

- Бұл кісіні батыр деуге толық 100 процент сеніммен айта аламын. Неге десеңіз, бұл кісі өте шебер ұйымдастырушы. Өзін басшымын, болмаса өзін жоғары санау бұл кісіде жоқ. Өте қарапайым. Өрт сөндіру кезінде өзі кірісіп, өрт басталғаннан сөнгенге дейін толықтай басы қасында болады.

Кеңесхан жұмыста қабілетті басшы болса, отбасында сүйікті жар. Жеті баланың әкесі. Ол ұл, қыздарына өнегелі тау тұлға. Балалар әкелерін бейбіт күннің батыры санайды.

Самал Қадырова, жұбайы:

- 3-4 күндеп кетеді. Сол кездері не ішті? Не жеді? Киімінің барлығы су, мысалы. Кейбір кездері ауырып та келеді. 3-4 күн өйткені боранда жүреді құтқарамын деп. Өзінің жұмысына қаталдылығы бар шығар. Бірақ адам ретінде ол өте мейірімді жан.

Қазір облыс бойынша төтенше жағдайлар саласында Кеңесхан Әбдіраимов сияқты 700-ге жуық құтқарушы еңбек етеді. Олар алға қойылған тапсырмаларды кез келген уақытта орындап, төнген қауіп-қатерге төтеп беруге сақадай сай. Мұндай жігіттер барда ел тыныштығы бұзылмасы анық.

Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейілхан, Руслан Ахатіллә