ШҚО: Риддерден кейін Зайсанның жері өртенді

Шығыс Қазақстан облысы төтенше жағдайлар қызметінің мамандары Риддердегі өртті сөндіріп бола сала Зайсанға аттанды.

Бұл аудандағы жазық дала тұтанып, 15 гектар жанып кетті. Өртті сөндіруге жеке құрамнан бөлек 12 орманшы мен 70-ке жуық шекара қызметкері жұмылдырылды. Жедел қимылдаудың нәтижесінде тілсіз жау тез сөнген. Осы көктемде аймақта дала мен орман 16 рет өртеніпті. Салдарынан 300 гектар орман мен 1200 гектар құрғақ шөп күлге айналған.

Дмитрий Титов, облыстық ТЖД бастығының орынбасары:

- Зайсандағы өртті сөндіру оңай болған жоқ. Өйткені жалын дәл шекара аумағынан тұтанды. Сондықтан бар күшті сол маңға жұмылдырдық. Егер көрші ел аумағына өтіп кетсе, сөндіру мүмкін емес еді. Қазір өрттің шығу себебін анықтап жатырмыз. Негізі орман немесе дала өртінің 80 процентіне адамдардың абайсыздығы себеп болады.