Шымкенттіктер өрттен зардап шеккен Риддер қаласына гуманитарлық көмек жөнелтті

«Риддерге көмек біздің міндет». Осылай деген шымкенттік белсенділер өрттен жапа шеккен Риддер қаласына гуманитарлық керуен жөнелтті. Игі шара «Қайырымды істер марафоны» жалпыұлттық жобасы аясында қолға алынды. Белсенді жастардың бастамасын қалалық мәслихат депутаттары мен «Nur Otan» партиясы фракциясының мүшелері де қолдап, бірліктің жарқын үлгісін көрсетті.

Жұмыла көтерген жүк жеңіл. Жастар ресурстық орталығының еріктілері әлеуметтік желіде бастама көтеріп, қайырымдылық шарасын ұйымдастырды. Жазбаны көрген жұртшылық игі істі қолдай кетті.

Олжас Мамыр, волонтер:

- Қандай жағдай болса да тек ғана ала беруді емес, беруді, қайтарымды білуі керек. Сол мақсатта ең бірінші үндеулерді осы «Жастар орталығынан» оңтүстік өңірінің азаматтарына жолдадық. Шүкір, екі күннің ішінде керекті заттарды өзіміз ойлаған мөлшерден жоғары жинап отырмыз. 

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл бастама алдағы уақытта да жалғасын табады. Алғашқы керуенмен жолға шыққан белсенділер Риддерегі жағдайды бағамдап, қажетті заттардың  тізімін  жасайды.

Шыңғыс Мұқан, қала әкімінің бірінші орынбасары:

- Керуенімізге сәт сапар. Бұл басы. Келесі аптада Қазақстан ассамблеясының мүшелері де осындай гуманитарлық көмектер жасақтап жатыр. 

Саусақ бірікпей, ине ілікпейді. Қайырымды жандар Риддер тұрғындарына қажетті тұрмыстық заттар алып берді. Екі жақты байланыс тауар таңдауда көп көмек болыпты.

Бахадыр Нарымбетов, мәслихат хатшысы:

- Бүгінгі гуманитарлық керуенінде ең қажетті заттар алынғанын айтып өту керек. Ол мына үйдегі шаруаға кастрюля, шәйнек, холодильник дегендей, күнделікті ыдыс-аяқ, не керек болады, соның барлығын беріп отырмыз. Осы сәтте біздің қолдауымыз, біздің жылы лебізіміз осындай жағдайға түскен отбасыларға өте қажет деп ойлаймыз.

Біріксек бар қиындықты жеңіп шығамыз. Белсенділер осылай дейді. Шығыс өңіріндегі қиындыққа тап болған жандарға оңтүстіктегі ағайын қол ұшын беруге әзір. 

Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов, Нұрмахан Мұсатов